Тілшілердің техникасын тартып алғандарға айыппұл тағылады

Өзбекстан Республикасында журналистер құқына ден қойылуда. Келешекте көрші елде журналистердің өз кәсібін орындауына кедергі келтіргендерге шара көрілу жолға қойылмақ. 

Бұл мақсатта билік қолданыстағы Әкімшілік кодекске өзгеріс енгізбек. Осы бағытта әзірленген заң жобасын билік қоғамдық талқылауға да ұсынып үлгерді. Қоғамдық талқылау 28-қаңтарға дейін жалғасады.
Егер заң күшіне енсе, Өзбекстанда тілшілердің тірлігіне тосқауыл қойғандарға 46 000 сумнан 1,1 миллион сумға дейінгі көлемде айыппұл салынады. Яғни, айыппұл көлемі 4,8-115 АҚШ долларына тең.
Заң жобасында жұмыс істеуге тосқауыл болатын әрекеттер ретінде журналисті өз келісімінсіз ақпарат таратуға мәжбүрлеу, аккредитация беруден негізсіз бас тарту, ақпарат алу құқығын бұзу және оның материалдары мен техникалық құралдарын тартып алу деп екшелген.