ЖУАН ЖҰДЫРЫҒЫН АЛА ЖҮГІРЕТІНДЕР ЕСКЕРТУДЕН СОҢ ЕС ЖИЯ МА?
Көрші Қырғызстан елінде 31 жастағы ер азамат өзінің жарын жуан жұдырығымен-ақ о дүниелік етіп жіберген. Қазіргі таңда ол 26 жастағы келіншегінің өліміне күдікті ретінде құрықталып, тергелуде. Ал олардан өрбіген үш бала әп-сәтте әкенің қамқорлығынан да, ананың аялы алақанынан да қағылып жетім қалды.
Күйеуінің соққысынан соң есінен танып, жедел жәрдем арқылы ауруханаға бара жатқан жолда жан тәсілім болған келіншекті ері бұған дейін де азаптағанға ұқсайды. Себебі, дәрігерлер әйелдің денесінен көгерген іздер мен күйік белгілерінің бар екенін байқаған. Бүтін бір отбасының тынышын алып, құтын қашырған «білекті күйеуді» қандай жаза күтіп тұрғаны белгісіз. Дегенмен де оны ешкім басынан сипап, арқасынан қақпайтыны анық.
Жалпы соңы осындай өкінішпен аяқталатын мұндай жағдайлар Қазақстанда да орын алып жататыны жасырын емес. Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сенсек, елімізде жыл сайын орта есеппен 400 әйел күйеуінің не жақын туысының қолынан қаза болатыны мәлімделген. Бұл статистикаға негіз болатын мысалдардың біразын тап қазір тізіп, құйқаны шымырлату артық әрине.
Өзекті мәселенің бірі саналатын мұндай жәйттерді алдын алу мемлекет назарында. Осыған орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйекте халыққа арнаған жолдауы кезінде зорлық-зомбылық үшін жазаны жедел түрде күшейту керектігі жөнінде тапсырма берген болатын. Cоның негізінде отбасындағы ұрып-соғу үшін әкімшілік жаза түрлері өзгертілді. Бас прокуратура, ішкі істер министрлігі мен депутаттар әзірлеген әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес енді әйел азамат өз күйеуінен, бұрынғы күйеуінен, азаматтық некедегі жолдасынан, ортақ баласы бар азаматпен жанжалдасатын болса, жалпақ тілмен айтқанда олардың ұрып-соғуына ұшыраса сот әлгі тирандарға мас күйінде ұру не жапа шеккеннің жүктілігі болмаса тек ескерту жасайтын болады.
Бұрын мұндай жағдайда айыппұл белгіленетін. Айыппұл жазасының ескерту жасаумен алмасуын еліміздің ішкі істер министрлігі былай деп түсіндіреді.
«Расымен әкімшілік кодекстегі осы баптардағы айыппұл жазасы ескертуге өзгерді. Мұны түсіндіру оңай. Бұрын жанжал шығарған адам айыппұлды отбасы бюджеті есебінен төлейтін. Бұдан әйел мен балалары жапа шекті. Бірақ ескерту дегеннің балама жаза екенін ұмытпау керек. Екінші рет ескерту берілмейді. Әрекет қайталанса сот оны 20 тәулікке қамайды. Мұның бәрі әр істің жай- жапсарына байланысты».
Ал біраз белсенділер ендігі жағдайда отбасы тұрмыстық қатынастағы жанжалдарға қатысты заңның осылай өзгеруінен соң соттың әйелін ұрған азаматтарға ескерту жасаумен ғана шектелетінін, ал 20 тәулікке қамау жазасы әкімшілік кодексте бұрыннан бар екенін айтуда. Және олар қолданыстағы заңның қатаңдалмағанын, керісінше айыппұлды алып тастап, жеңілдетіп тастағанын ашық айтуда. Кейбіреулері құжат қабылданбас бұрын оның зорлық-зомбылықтың құрбандарының талқысына түспей, құқық қорғау органдары өкілдерінің қарауынан өтумен шектелуінің өзі қисынсыз деп санайтынын жасырмауда. Енді жуан жұдырығын ала жүгіретіндер ескертуден соң ес жия ма әлде есіре ме? Мұны алдағы уақытта саралайтын боламыз.
Естеріңізге сала кетсек, өзгеріске түскен заңдағы бап ертең яғни, 11-қаңтардан бастап күшіне енеді.