Веложолды жасыл белдеу аумағынан салу ұсынылды

«Shymkent» ӘКК» АҚ мен «Velocity» қоғамдық қоры Copenhagenize Dezign Company қатысуымен Шымкент қаласында велосипед желісін құру және дамыту бойынша 5 жылдық стратегия жасалды. Кеше сол стратегия Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановқа таныстырылды.
Қала басшысына жобаны Copenhagenize Design Co компаниясының бас директоры Мортен Кэйблл таныстырды.
Жобаның негізгі мақсаты – қалада қолайлылық тудырып, тұрғындарды салауатты өмір салтына тарту және туризмді дамыту.
Велосипед желісін құру және дамыту стратегиясы бес кезеңнен тұрады. Бүгінде қалада оның 4-ші кезеңі аяқталған. Бұған дейін жасалған инфрақұрылымға бес жылдық жоспар бойынша 250 шақырым веложол салу жоспарланып отыр. Ал оның 50 шақырымын 2020 жылы аяқтау көзделуде.
Инвесторлардың айтуынша, аталған жоба жүзеге асса, бүгінгі таңда жұмыс істеп жатқан 40 велобекеттен бөлек, 50 станция құру көзделіп отыр.
Велосипед желісін дамыту бойынша ұсынылған жобаға әкім өзінің бірқатар ұсыныстарын айтты. Шаһар басшысы веложол үшін төрт жолақты көшелерді қысқартуға қарсы екенін жеткізді. Себебі, халқы тығыз орналасқан мегаполисте көлік кептелісі жиі орын алатынын және тұрғындарға қолайсыздық тудыратынын атап өтті. Сондықтан шаһар басшысы бес жылдық жоспарда веложолды ең алдымен жасыл белдеу аумағынан бастап салуды ұсынды.
Жиынды қорытындылаған Ерлан Қуанышұлы велосипед желісін құру және дамыту стратегиясын қолдайтынын жеткізді. Және оны нәтижелі жүзеге асыру үшін арнайы жұмысшы топпен қайта пысықтауды шегеледі.
М. ӘБДІРАЙЫМ.