«КАЗБАТ» ЖАС ҰРПАҚҚА ПАТРИОТТЫҚ РУХ БЕРЕДІ

Қазақстанның барлық кинотеатрларында ағымдағы жылдың 21-қарашасынан бастап тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік мақсатта қызмет атқару барысында қаза тапқан сарбаздардың құрметіне түсірілген «Казбат» фильмі көрсетілуде. Одан алдын Шымкентте «Казбат» фильмінің жабық көрсетілімі өтті.

Арнайы қонақтар шақыртылған шараға қала әкімінің орынбасары Н. Ергешбек қатысты.
Фильм болған оқиға желісімен түсірілген. 1995 жылдың 7-сәуірі. Пшихарв шатқалында Қазақстан ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың ортасында қалады. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметшіміз оққа ұшып, 33-і жараланады. Содырларға қарсы ұрыста жігерін құм етпей, барлық күш қуатын сарп етіп, Отан алдындағы міндетін соңғы демі қалғанша орындауға бел буған сарбаздардың ерлігі туралы баяндалған фильм жас ұрпаққа патриоттық рух беріп қана қоймай, оның ел алдындағы азаматтық жауапкершілігін көтере түседі.
Фильмнің идеясын ұсынған – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, режиссері Асқар Ұзабаев болса, бас операторы Максим Задарновский болып табылады. Онда Дәурен Серғазин, Ринат Дошибеков, Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров және Индира Шынболатқызы сынды актерлер басты рөлдерді сомдайды.
Фильмде баяндалған оқиға 1995 жылдың 7-сәуірінде орын алғанын жоғарыда айтып кеттік. Осыған орай туындының теледидарға арналған нұсқасы келесі жылдың 7-сәуірінен бастап, аталған қарулы қақтығыстың 25 жылдығына орай «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі деп күтілуде.

М. ӘБДІРАЙЫМ.