Мерейі биік, мәртебесі асқақ
Еміренген елдің алтын діңгек, ақ босағасына айналған оңтүстіктің қыдыр дарып, құт қонған киелі өлкесінен ақ пен қараны шыға танып, ақиқатпен ауызданып өскен текті тұлғалар көптеп түлеп ұшты. Сондай текті тұлғалардың бірі Ескендірұлы Зұлқарнай еді десек артық айтқандық емес.
Ескендіров Зұлқарнай 1925 жылы дүниеге келген. Шырын тірліктің шырышты шуағын да, шырақ бұзар ылаңын да басынан көп өткерген Зұлқарнай Ескендірұлы ес біліп, етек жапқаннан-ақ іргеден жауы, белдеуден дауы арылмаған ауылдастарының басы аман, бауыры бүтін болуын ойлайтын есті азамат болып өсті. Ат жалын тартып мінер жасқа толған Зұлқарнай болашақтың білімде екенін ескеріп, орта мектепті бітірісімен мал дәрігерлік оқуға түседі. Тал қармап, тәуекел кешкен сол бір қиын-қыстау кезеңде білім алудың да өзіндік ауыртпашылықтары көп еді. Бірге оқитын талай бала қиындыққа шыдас бермей оқуларын тастап кетті. Білім алуға деген құштарлық Зұлқарнайдың төрт жылдық оқуды ойдағыдай тәмамдап, мал шаруашылығы маманы болып шығуына септігін тигізді.
Мал дәрігері мамандығын алып, «Жұлдыз» ауылында алғашқы еңбек жолын бастаған Зұлқарнай Ескендірұлы мал шаруашылығын өркендетуде өрнекті із қалдырды. Ауыл тұрғындары арасында білгір маман ретінде биік беделге ие болды. Еңбек ете жүріп, Рыскүл есімді қызбен бас қосқан Зұлқарнайдың кіндігінен төрт ұл, екі қыз дүниеге келді. Үлкені Мұқаш бүгінде ел таныған танымал тұлға. Одан кейінгі Бауыржан, Жаһан, Әміржан есімді ұлдары мен Мереке, Мәлике есімді қыздары да еңбектерімен ел құрметіне бөленген жандар.
Ықыласы-ырысты, бейімі-берекелі елдің ертеңін ойлаған Зұлқарнай Ескендірұлы Қарасу ауылындағы мал бордақылау комплексінде жемісті еңбек етіп, мемлекетімізге сапалы азық-түлік өткізуді оң жолға қойды. Әйелі Рыскүл сауыншы болып ұзақ жылдар еңбек етті.
Халқының мерейі үшін тұла бойындағы Тәңірі сыйлаған күш-қуатын ірікпей жұмсаған азаматты елі емірене «ұлым» деп ұлы жүрегінің мейіріне бөлеп жатса, ол да Зұлқарнай сынды еңбек адамына берілген орынды баға. Сонар түспеген соны шақта шыңнан түрен тартқан Зұлқарнай Ескендірұлы Қабілет-Қарымы мен жігер жалынын аямай жұмсап, жұртты ілгері бастырғаны баршаға мәлім.
Еңбек ете жүріп, балаларына білім алуды үнемі кеңес етіп отыратын Зұлқарнайдың үлкен баласы Мұқаштың есімі ақ жамбыдай жарқырап, еселі еңбегінің арқасында Елбасымыз Н. Назарбаевтың назарына ілінді. Бұл да әке тәрбиесінің арқасы, бұл да әке аманатына адалдық.
Зұлқарнай Ескендірұлының қарындасы Әсем Құндазарова бүгінде сексеннің сеңгірінде. Сыры кетсе де, сыны кетпеген кейуана ағасының аса бауырмал, ауылдастарына ақылшы аға ретінде үнемі қол ұшын беріп жүретінін, кісілік пен кішіліктің ақылы мен нақылын бойына қатар сіңірген азамат болғанын мақтанышпен еске алады. Он алты жасында Аят Құндазаров деген азаматқа тұрмысқа шығып, бір ұл, бір қыз сүйгенін, Сайрам ауданындағы «Победа» колхозында бақшада жұмысшы болып жұмыс істегенін сағынышпен еске алады. «Ұлым Әлішер мектепте музыкадан сабақ берді. Қызым жастай шетінеп кетті. Жолдасым Аят Черноводта Загодскотта қабылдаушы болып істеді» -дейді Әсем анамыз өткен өмірі жайлы толғана сыр шертіп. Сынаптай сырғып өткен уақыт- ағзаммен үндесе күн кешіп, қоғам өміріндегі елеулі серпілістер мен сілкіністерге қоян-қолтық араласқан ағасы Зұлқарнайдың тұңғыш ұлы Мұқаш Әсем ананың да мақтанышы. Бақыты баянды елдің айшықты ажарына айналған Мұқаш бауырын өркенді елдің өлшеміне балайды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұстанған сарабдал саясат қалың қазақ жұртын, көп ұлтты Қазақстан мемлекетін әлемнің барлық елдері танитын биікке көтерді. Бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуға бет түзеген Тәуелсіз еліміздің ұлы көшіне керуен қосқан оңтүстік өлкесінің де мерейі биік, мәртебесі асқақ. Ұлы көштің бастауында қатардағы еңбек адамы Зұлқарнай Ескендірұлы тұрса, болашағы жарқын елдің бүгінгі болмыс-бітімін Мұқаш Зұлқарнайұлы айшықтап тұр. Арман – мұраты бір арнада тоғысқан әкелі – балалы Ескендіровтердің ел ризығын ұстауға қосқан сүбелі үлестері жас ұрпаққа тағанды тәлім болмақ. Заманның дауылынан ақпаған, ел намысын жықпаған осындай мәрт мінезді тұлғаларымен еліміз ерен, жеріміз кенен, мерейіміз биік, мәртебеміз асқақ бола бермек.
Мүтәлиев Әбен Хамитұлы, «Тәуелсіз Қазақстан» газетінің редакторы.