ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ҚАЗЫНАНЫ 40 МИЛЛИАРДҚА ТОЛТЫРДЫ
Қараша айының алғашқы күнінде Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов ағымдағы жылдың 10 айында атқарған жұмыстарын түйіндеді. Оның сөзіне сенсек, жыл аяғына дейін ауданда 20 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына 13, тұрғын алабтарда 4 балалар ойын алаңшасы орнатылады. Бұдан бөлек 33 ашық спорт, 13 воркаут және жаттығу алаңшасын орнату қаралған. Тағы да 24 ашық спорт пен 8 жаттығу алаңшасына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша атқарылатын ауқымды жұмысқа тартылатын қаржы көлемі 1млрд. 210,9 млн. теңге. Мердігер мекеме «STRONG SERVISE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Есепті кезеңде аудандағы «Оңтүстік» индустриалдық және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аумағында 2 өндірістік кәсіпорнының жұмысы жолға қойылған. Соның негізінде 80-нен астам адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнестің осылай қанатын кеңге жаюының оң әсері он айдың ішінде айқын көрінген. Мәселен, 2019 жылдың 10 айында жергілікті бюджетке 39,9 млрд. теңге жиналған. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29 % көп.
Қазіргі таңда ауданда ауқымды құрылыс жұмыстары жүруде. Атап айтқанда «Бадам2», «Қарабастау» тұрғын алаптарындағы Бадам және Леңгір тас жолындағы «Сайрам су» өзендерінің үстінен өтетін көпір құрылыстары қарқын алған. Сондай-ақ, «Маятас», «Тоғыс» тұрғын алаптарындағы «Бадам» өзенінің үстінен өтетін көпір бөліктеріне де жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық- сметалық құжаттар әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Аудандағы даңғыл, көшелер мен өткелдердің жалпы ұзындығы 613,17 шақырымды құрайды. Биыл 8,74 шақырымды құрайтын көшелерге асфальттау, 23,56 шақырым жолға шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Барлығы 659 көпқабатты тұрғын үйге QR-коды бар тақтайша орнатылған.
Жыл басынан бері тиісті мамандардың қатысуымен түрлі рейдтік шаралар жүргізілген. Яғни, жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмыс оқиғаларын алдын алу мақсатында түнгі уақыттарда ойын-сауық орындарын аралаулар болған. Сондай-ақ, коммерциялық нысандардағы маңдайша жазулардың түрлі факторлардың салдарынан мағынасыз мәтінге айналуын реттеу бойынша ескерту жұмыстары ұйымдастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы ортаны қамтамасыз ету мақсатында 124 нысанға пандус пен арнайы қоңырау белгілері орнатылған.
С. НҰРАЙ.