ЖАРНА ТӨЛЕУДІҢ ТӘРТІБІ ТИІМДІ
Келер жылдың 1-қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетіні белгілі. Тиісті орган берген мәліметтерге сүйенсек осы жүйе бойынша арнайы құрылған қорға мемлекет
11 млн. азамат үшін міндетті жарналар төлейтін болады. Өз кезегінде олар МӘМС жүйесі бойынша тегін медицналық қызмет көрсетілетін азаматтар санатына жатқызылатыны баршаға аян.
Өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға мұндай жеңілдіктер қарастырылмағаны бұған дейін де мәлімделген.
Енді 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап барлық қызметкерлер әлеуметтік медициналық сақтандырудың толыққанды қатысушылары бола отырып, сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Жүйеге қатысу үшін олар бірыңғай жиынтық төлем жасауы қажет. Бірыңғай жиынтық төлемінің мөлшері айлық есептік көрсеткіш есебінен анықталады. Яғни, облыс орталығы тұрғындары үшін 1 АЕК — 2 525 теңге, елді мекен тұрғындары үшін 0,5 АЕК — 1 263 теңге.
Бірыңғай жиынтық төлемінің басты идеясы – төрт міндетті төлемді бір реттік төлемге айналдыру. Яғни, 10 пайызы жеке табыс салығына бағытталады, 20 пайызын мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түсетін әлеуметтік аударымдар құрайды, 30 пайызы зейнетақы аударымдарына кетсе, 40 пайызы міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына жұмсалады.
Осы жүйе бойынша 2017 жылдың 1-шілдесі мен 2019 жылдың 30-қыркүйегі аралығында жұмыс берушілер мен жекеменшік кәсіпкерлерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға түскен жарнаның жалпы сомасы 214,4 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде, 205,5 млрд. теңгесі (шамамен 95,9%) жұмыс берушілердің аударымы болса, қалған 8,9 млрд. теңге (4,1% жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісім шарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Жарна аударудан Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.
Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Ол келер жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесі шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Осыған орай, егер қандай да бір медициналық ұйым сізге қызмет көрсетуден бас тартатын болса немесе сапасыз медициналық қызмет көрсетсе, қордың 1406 байланыс орталығына хабарласуыңызға болады.
Л. САПАРБЕКОВА,
«Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры» КЕАҚ
Түркістан облысы бойынша
филиалының бөлім басшысы,
Б. САҒЫМБЕКОВ,
Түркістан облысының ҚДБ
«Облыстық туберкулезге қарсы
диспансер» ШЖҚ МКК
бас дәрігері.