«ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН!» ЖАСТАРДЫ ТОПТАН ОЗДЫРАДЫ

Шымкентте «Qazaq Epos» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы болады. Екі кезеңнен тұратын байқау қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының қолдауымен өткізіледі.
Республиканың барлық аумағында 6-10 сынып оқушыларының арасында өткізілетін байқаудың мақсаты – өрендердің эстетикалық тәрбиесі мол халық поэзиясына деген сүйіспеншілігін оятып, оларды намысшылдық, қайсарлық, елдік, ерлік қасиеттерге баулу. Байқау бойынша қатысушыларға қойылатын талап –132 беттен 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап беру.
Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта «Qazaq Epos» қоғамдық қорының Шымкент қаласы бойынша ұйымдастыру комитетінің жетекшісі – Кенжебай Нұрдәулет Нұрланұлы журналистерге байқау қарсаңындағы жұмыстарды баяндады.
«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысуға Шымкент қаласы бойынша 116 мектептен 1094 оқушы, 610 мұғалім тіркелген. Өз кезегінде мұғалімдердің рөлі – оқушыларды байқауға дайындау екенін айта кетейік. Байқау екі кезеңнен тұрады. Ол аудандық және қалалық. Шымкент қаласы бойынша байқаудың аудандық іріктеу кезеңдері 28-31 қазан аралығында, қалалық кезең 6 қарашада өтеді. Ұйымдастырушылар аудан деңгейінде өткізілген байқауда топ жарғандар қалалық кезеңге жолдама алып қана қоймай, ақшалай немесе бағалай сыйлықпен ынталандыратынын хабарлады. Ал қалалық кезеңде бағы мен бабы қатар шауып, бірінші орын алған оқушыға 1 млн., ал оның ұстазына 2 млн., екінші орынға 600 000 (ұстазына 1 200 000), үшінші орынға 300 000 (ұстазына 600 000) теңге көлемінде сыйлық тарту етілмек.

Қ. ҚАЛИЕВ.