ЖАҢБЫРЛАТЫП СУАРУ АЛҚАПТЫ АСТЫҚҚА ТОЛТЫРАДЫ

Түркістан қаласы аумағындағы азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар негізінде қала маңындағы егін алқаптарына АҚШ-тан әкелінген «T-L» маркалы 4 бірлік жаңбырлатып суару машинасы орнатылды. Бүгінде ол алқаптарда күздік бидай егілуде. Аталған технология арқылы мамандар өнімділік 2-4 есеге дейін артатынын алға тартуда. Мәселен, бұған дейін бидайдан орташа өнімділік гектарына 15-20 центнерден болса жаңбырлатып суару машинасы арқылы бұл көрсеткіш 40-45 центнерге жететінін алға тартуда. Келесі жылдың мамыр айында сүрлем жүгері егілмек. Сол кезде де ол алқаптарды суару «T-L» маркалы технологиясы арқылы іске асады. Содан соң мамандар жүгерінің әр гектарынан әдеттегідей 48,5 центнер емес, 115-130 центнер өнім алмақ. Тек бидай мен жүгері егілген аумақтар ғана емес, келесі жылдан бастап Түркістан қаласының айналасындағы егін алқаптарының барлығында суарудың осы технологиясын қолдану арқылы іске асады. Нәтижесінде егін бітік шығады. Қамбаға құйылар ел ырзығы молая түседі. Бұл халықтың әл ауқатының артуына және экологиялық жағдайдың жақсаруына зор серпін береді.
Тың жоба «Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» бойынша жүзеге асуда. Аталған жоспарға сәйкес жыл басында Түркістан қаласы аумағынада азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобаларын іске асыру қолға алынған. Осыған орай облыс орталығы аумағында 11 мың гектар алқапқа азық-түлік белдеуін қалыптастыру мен ағын су тапшылығын жою үшін су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп, қарқынды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі.
Мәселен жыл басында «Ынтымақ – 2019» кооперативі құрылған. Оның құрамына 131 шаруа қожалығы енген болатын. Бүгінде сол кооперативтың 733 гектар алқабына 18 бірлік жаңбырлатып суару технологиясы машинасын орнату жоспарланған. Жобаның жалпы құны 500,0 млн. теңге. АҚШ-тың «T-L» маркалы технологиясын елімізге Нидерландының «APH Group B.V.» компаниясы жеткізген. Қалада сондай-ақ, мұнда 600,0 млн. теңгеге «МТС құру» жобасы іске асырылуда. Жобалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы мақұлданды. Бұл құрылғыларға мемлекет тарапынан субсидия бөлінген. Бұл да болса шаруалар үшін зор қолдау екені анық.

С. НҰРАЙ.