БАТЫРМАНЫ БАСЫП, БИЛЕТ АЛЫҢЫЗ

Түркі әлемінің мәдени астанасы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Былтыр киелі кентке 1 миллион 300 мыңнан астам турист келген. Сырттан келетін қонақтардың басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия елдерінен болған.
Бұл Түркістан қаласы үшін туризм саласын дамыту таптырмас табыс көзі болып табылатынының нақты мысалы. Қала облыс орталығы болғаннан бері сервистік қызметтердің сапасын жақсарту жұмыстарының қарқынды жүргізілуінің мәні де осында.
Осы аптада қаланың туристік әлеуетін арттыру жұмыстары ұлғая түскен шаһарда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік жобасы негізінде тың жоба жүзеге асты.
Бұл жоба Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің келушілеріне жайлылық сыйлайды. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Түркістан облысы әкімдігі және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бірлесуімен кесене аумағында терминалдар мен турникеттер орнатылды. Бұл қондырғылар арқылы ендігі кезекте кесенеге келуші әрбір адам билеттерді сайт арқылы (pay.azretsultan.kz) онлайн тәртіппен немесе кесене аймағында орналасқан терминалдар арқылы сатып алатын болады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа жүйе арқылы билетке қол жеткізген алғашқылардың бірі болды. Өз кезегінде кесенеге келген зияратшылар мен туристер онлайн түрде алған билеттерінің QR-кодын турникеттерге сканерлеу арқылы кіре алады. Бұдан бөлек, кесене аумағына келушілердің санын бақылау үшін «People counting system» камералары орнатылды. Мұның барлығы келген туристердің санағын жүргізуге, олардың туристік нысанды көрудегі эмоциясын бақылауға мүмкіндік беретін болады. Ең бастысы жаңа жүйелер сыбайластық көріністерінің орын алуына зор тосқауыл болады. Бастысы орнатылған қондырғылардың жұмыс істеу процесі тоқтаусыз болғаны назарға алынса болғаны.

М. ӘБДІРАЙЫМ.