ЗАМАН КӨШІНЕН ҚАЛМАУДЫ МАҚСАТ ТҰТҚАН ЖОЛДАУ
Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың
Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында елімізде азаматтық қоғамды қолдау мен қалыптастыруға басымдық берілуі қажет екендігі атап көрсетілді.
Президент билік пен халық арасында диалог орнату, партия құрылысы үдерісін жалғастыру мәселелеріне айрықша тоқталды. «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс», – деді Президент. Депутаттар өздерінің заңды құқытары шегінде атқарушы органдарға азаматтардың мұқтаждықтары бойынша сауалдар жолдап, олар бойынша нақты шаралардың жүзеге асырылуын талап етулері тиіс. Алда келе жатқан Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің, саяси бәсекелестіктің онан әрі дамуына септігін тигізуі тиіс. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға үлкен мән беру қажет. Қоғамдық диалог, ашықтық, халықпен кері байланыс, азаматтардың мұң-мұқтажына шұғыл әрекет ету — мемлекеттік органдар қызметіндегі басты басымдықтардың бірі болуы тиіс.
Біз осы бағытта да елге пайдалы жұмыстарды жоспарлап отырмыз. Жергілікті атқарушы органдардағы партия мүшелеріне, өкілдерімізге мәселені жасырғаннан гөрі жедел шешкен тиімді екенін айтқымыз келеді. Халықпен тікелей жұмыс істеп, олардың талап-тілегіне дер кезінде үн қату арқылы мемлекет ісі дамиды.
Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді –деді Президент. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ, жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр.
Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс. Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес деді.
Еңбек ұжымдарында насихат жұмыстарын жүргізгенде ғимарат ішінде емес, кәсіпорынның ауласында, егістік алқаптарында, фермаларда ашық аспан аясында галстуксыз кездесулер өткізу қажет деп есептейміз.
Жолдауда Президент Қ. К. Тоқаев
Елбасының бастамасымен 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылғанын айтып өтті.
Ауданымызда Елбасының бастамасымен іске қосылған «Бақытты отбасы» бағдарламасын халық арасында кеңінен насихаттап, бағдарлама бойынша тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктерін түсіндіру қажет.
Ел Президентінің Жолдауында көрініс тапқан Түркістан өңірінің топырағынан жаралған ұлы тұлға Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын облыс деңгейінде атап өтуге «Мирас» қоғамдық кеңесі өз үлесін қосатын болады. Сонымен қатар партиялық бақылау комиссиясының жұмысы аясында жыл соңына дейін нақты өзекті мәселелерді анықтап, рейдтер жүргізіп, тиісті мемлекеттік мекемелермен бірге жұмыстар атқарылады. Бізге елмен шынайы әрі ашық сөйлесетін батылдық, қиындыққа мойымайтын, ұлтты ұлы іске жетелей білетін қайсар мінез ауадай қажет. Қоғам баршамыздан адалдықты, қайраткерлікті, отаншылдықты талап етіп отыр.
Бауыржан Орынтаев,
Созақ ауданы әкімдігінің
жер бөлімінің басшысы.