МАҚТААРАЛДА 5 МЕКТЕП РОБОТОТЕХНИКАМЕН ҚАМТЫЛДЫ
Өскелең ұрпақтың заман ағымына сай білім алуын қамтамасыз ету мақсатында Мақтааралдағы 5 мектепте ІТ сынып ашылды. Бұл Қазақстан Республикасының «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру аясында жүзеге асты.
Аудан әкімі Бақыт Асанов жаңадан ашылып отырған сол сыныптардың лентасын қию үшін Абай, Жамбыл,
О. Бапышев, Үлгілі, Ғ. Мүсірепов атындағы жалпы орта мектептеріне арнайы барды. Өз кезегінде ол ғылыми-техникалық білімді жетік меңгеруге бастайтын мұндай сыныптар ауданның барлық мектептерінде ашылу керектігін алға тартты. Жаңадан ашылған ІТ сыныптарда 8-16 жас аралығындағы оқушылар бағдарламалау және робот техникасының негіздерін Еуропалық білім беру стандарты бойынша меңгеретін болады. Және ол мектептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, элективті курс ретінде жүргізіледі.
Жалпы ауданда осы жылы 6 ІТ сыныбын ашу үшін бюджеттен 34,2 миллион теңге қаржы қаралған. Бүгінгі таңда оның 5-уі пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы бір сынып ашылады деп күтілуде. Мектептерді робототехникамен қамту өткен жылдан бастап қолға алынған. Былтыр ауданда дәл осындай 3 ІТ сынып ашылған.
С. НҰРАЙ.