«ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІНЕ» КІМДЕР АЛЫНАДЫ?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында алдағы уақытта елімізде дарынды жастар арасынан іріктелгендерді басшы лауазымдарға тағайындау мүмкіндіктері қолға алынатынын көрсеткен болатын. Осы мақсатта елімізде ағымдағы жылдың 1-қыркүйегінен бастап «Президенттік жастар кадрлық резервіне» шарасы басталғаны белгілі. Бұл бастаманың бас үйлестірушісі ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып табылады.
Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мамандары «Президенттік жастар кадрлық резервіне» бастамасы бойынша жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қаланың «Арбат» демалыс аймағында өткізілген түсіндіру шарасында департамент мамандары осы бағытта қолдауға ие болу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеудің сатыларын жіпке тізіп түсіндіріп берді. Өз кезегінде жастар «Президенттік жастар кадрлық резервіне» үміткер ретінде тіркелу үшін өтінімді онлайн платформа арқылы жолдайтынын айта кетейік.
Ұйымдастырушылар басшы лауазымдарға жастарды тағайындау бойынша іріктеу барынша ашық жүргізілетінін мәлімдеуде. Және оған оған 35 жастан аспаған, жоғары білімі мен кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар жас азаматтар қатыса алатынын айтуда.
Сонымен қатар олар, резервке қатысуға ынталы азаматтар төмендегідей сынақтардан сәтті өтуі керектігін де алға тартуда. Атап айтқанда, кандидаттардың теориялық білімдерін тестілеу, көшбасшылық қасиеттерді меңгеру, сыни ойлау деңгейінен сүрінбеу, стратегиялық көзқарасын ашық айту. Бұдан бөлек сарапшылық комиссиясы үміткерлердің уәждемесі мен адами капитал құндылықтарына да мән бермек. Президент Әкімшілігінің сарап-шылық комиссиясында әңгімелесу кезінде де үміткер тиісті талаптардың үдесінен табылуы тиіс.
С. НҰРАЙ.