КӘСІПКЕРЛЕР ЖАСТАРДЫҢ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУҒА ҚАТЫСАДЫ
Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарының өмірін жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастамасын жариялағаны белгілі. Елдің еңсесін көтеретін сол бастамалардың қатарында студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту мәселесі айтылған.
Бұл туралы Тұңғыш Президент «Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын» деген болатын.
Осы мақсатта жуырда Шымкенттегі «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен еркін форматта кәсіпкерлермен кездесу өткізілді. Онда аталған акционерлік қоғамның өкілдері жергілікті жердегі кәсіпкерлерге студенттік жатақханалар мен жекеменшік мектептер салу жөнінде кеңестер беріп, пікір алмасты. Еркін форматта өткен жиында кәсіпкерлер «Қаржы орталығы» АҚ өкілдерінен әлеуметтік нысандарды салу үшін жер телімін қарастыру, дайын қонақ үйлер мен бос ғимараттарды қайта қалпына келтіру және т.б өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды.
А. САТЫБАЛДЫ.