ҮЙІҢІЗДІҢ ТӨРІНДЕ ҰЛТТЫҚ АРНА ҚОСУЛЫ БОЛСЫН

«Qazaqstan» Ұлттық арнасы күзгі жаңа маусымда 14 жаңа жобамен көрерменін қуантады. Бұған дейін өз көрермендерін тауып үлгерген 10 бағдарлама жаңаша форматта ел назарына қайта ұсынылады.
Бұл туралы «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметі хабарлайды.

Көрермен тамашалайтын жаңа жобаның қатарында қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлының интеллектуалды диалогқа құрылған «Nur Tileý» бағдарламасы бар. Бұған дейін «Астана» телеарнасында «Біздің уақыт» бағдарламасын тізгіндеген Жайна Сламбек жаңа маусымнан бастап ұлттық арнада «Apta» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасын жүргізеді. Мұқтаж жандардың тұрмысын жеңілдететін «Niet» әлеуметтік жобасын Гүлнәз Әлімгерей тізгіндейді. Ал «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі Нартай Аралбайұлы көрерменмен енді тек сенбі емес, күн сайын кешкі уақытта жаңа «Ашық алаң» ток-шоуында жүздеспек. Ауыл өмірінен сыр шертетін «Ауылдастар» тележобасын Гүлназ Ауданбаева эфирге шығарады. Кезінде көпшіліктің ықыласына бөленген «Толағай» отбасылық бағдарламасы да осы жаңа маусымда эфирге қайта оралады. Ұлттық арна ұжымы қоғамдық, ақпараттық-танымдық бағыттағы «Иман өзегі», «Бір күн», «Мәдениет жауһарлары» хабарлары да көрермен көңілінен шығады деп үміттенеді.
Ал әр күн сайын үш мезгіл тікелей эфирде шығатын «Aqpatat»-ты Армангүл Тоқтамұрат, Саламат Омаш, Шерхан Жамбылұлы, Альбина Әшім жүргізеді.
Ендеше үйіңіздің төрінде ұлттық арна қосулы болсын.

С. НҰРАЙ.