ҚОРЫҚҚАН ТҮБІ ҚУАНЫШ БОЛДЫ

Бала әрқашан балалығын істейтіні белгілі. Сондықтан да әрбір үйдің қарадомалағы үлкендердің бақылауынсыз жүрмеуі керек. Әсіресе ата-аналар етегіндегі сәбиін және жетегіндегі қара табанының әр қадамын аңдып отырмаса әп-сәтте одан көз жазып қалуы ғажап емес.
Жуырда Шымкенттегі «Игілік» тұрғын алабындағы отбасының бірінде болған жағдай соның жарқын мысалы.
Әдеттегі күн. Күн батып, қас қарайған соң алты бала-шағасы бар отбасы ұйқыға кетеді. Таң атып, күн ұясынан көтеріледі. Сол кезде ұйқыдан оянған ата-ана 5 жасар баласының үйде жоқ екенін біледі де, тез арада оны өз бетімен іздеуге кірісіп кетеді. Алайда бірнеше сағатқа созылған барлаудан түк шықпаған соң, амалы құрыған олар сағат түскі үштер шамасында жергілікті жердегі полиция қызметіне жүгінеді.
Одан соң, Шымкент қаласы, Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, тұрғын алабқа келіп, едел-жедел іздестіру шараларына кірісіп кетеді. Төрт сағаттан соң, тәртіп сақшылары баланы тұрғын алабтағы көшелердің бірінен тауып, оны дереу ата-анасының қолына тапсырады. Ай-күннін аманында баласынан көз жазып қалғанына қатты қорқып, зәрелері зәр түбіне жеткен ата-ана бауыр етінің дін аман болып, табылғанына қуанып, Абай аудандық Полиция басқармасы басшылығына, учаскелік полиция инспекторы Мұзафар Абрахмановқа алғысын білдіреді.
Соңғы кездері шымкенттік сақшылар алдыңғы саптан көрініп, көпшілік үмітін ақтап келеді. Осы жағдайдан бірер күн бұрын, дәлірегі 6-тамызда қаладағы сауда орталығының бірінде қала тұрғынының қолындағы сөмкесін оңай олжаға кенелуді көздеген белгісіз біреу тартып алып кеткен. Сөмке иесі алып ұшып, полицейлерге хабар береді. Ол оның ішінде 25 мың теңге көлемінде ақшасы болғанын айтады. Келіп түскен шағымға орай Шымкент қалалық Полиция департаментінің жедел басқару орталығы бейнебақылау камералары арқылы күдіктіні іздеуге көшеді. Көп ұзамай әлгі азаматты анықтап, оны қолға түсіру операциясын сәтті орындап, Қаратау аудандық полиция басқармасына жеткізеді. Сөмке ұрлауды жөн деп баққан әлгі адам Түркістан қаласының 45-50 жас аралағындағы азаматы болып шыққан. Бүгінде оның үстінен қылмыстық іс қозғалуда.

С. НҰРАЙ.