АҚЖАРҚЫННЫҢ ҚҰҚЫН СОТТА ҚОРҒАУ ҮШІН БІЛІКТІ ЗАҢГЕР ЖҰМЫСҚА ТАРТЫЛДЫ

Қазақстан азаматы, Түркістан облысының тумасы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айыппен қамауға алынған. Ол шетелдік досының арбауына түсіп қалғанын айтып, өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Десе де, Қытай соты оған 2015 жылдың маусымында өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім кескен. 2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді. Содан бері үш жылдың көлемі болды. Бірақ бұл іске нүкте әлі қойылмады. Қыл үстінде тұрған қазақ қызының тағдырына күллі қазақ елі алаңдаулы.
Жуырда отандық БАҚ Sputnik Қазақстан Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сұрау жолдаған. Өз кезегінде министрлік қазір Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі ҚХР Гуандун өлкесі Жоғарғы халық сотының қарауында екенін, оған қатысты тергеу жұмысы жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Сонымен қатар министрлік Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйене отырып, Гуанчжоу қаласындағы түзету мекемесінде қамауда отырған Ақжарқынның қасында отырған сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүргенін, көркем әдебиеттерді оқитынын, дене жаттығуымен айналысатынын, қытай тілін жақсы меңгеріп алғанын және түзету мекемесіндегі жағдайға қатысты шағымы жоқ екенін де жеткізген.
Сонымен қатар, Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қызметкерлері Гуанчжоудағы түрмеге барып, Тұрлыбайдың хал-жағдайын біліп тұратынын да, бұған қоса, ақшалай көмек көрсетіп, сұраған кітаптарын тауып беріп жүргенін мәлімдеген.
Министрлік БАҚ сауалы бойынша жолдаған хабарламасында алдағы уақытта сотта Ақжарқын Тұрлыбайдың құқын қорғау үшін Бейжіңнің «Дахэн» адвокаттық компаниясынан білікті заңгер жұмысқа тартылғанын, оған жұмсалған қаржы «Шетелде Қазақстанның мүдделерін білдіру» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінгенін айта кеткен.
Қазақтың қара қызы әу баста Қытай еліне тауар алуға бет алған құрбысына көмек-жәрдем беру үшін барған еді. Бірақ оның бұл жақсылығы өзіне сор болып тиіп, қия бастырды…

С. НҰРАЙ.