Суға кеткендердің 70 пайызы жүзуді меңгергендер

Елімізде жаздың алғашқы айынан бастап шомылу маусымы басталған болатын. Содан бері 214 адам суға батып, ажал құшқан. Олардың 75-і балалар болған. Қайғылы оқиғалардың 198 дерегі шомылуға арналмаған жерде орын алған. Сонымен қатар су айдындарында келместің кемесіне мініп кеткендердің 70 пайызы жүзуді жақсы білгені анықталған.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер хабарлады.
Ол осындай оқыс оқиғалардың себебін анықтау бойынша жүргізілген мониторинг жұмыстары кезінде суға батқандардың басым көпшілігінің жүзе алатындықтарына қарамастан, ажал құшуын төмендегіше түсіндірді.
– Бұл тұрғыда «суға батқан адамдардың қаншасы жүзе алды?» деген сауал бойынша талдау жасалды. Нәтижесінде суға кеткен адамдардың 70 пайызының жүзе алғандығы анықталды. Осы жағдайда адамдар өздерінің шамасын дұрыс бағамдай алмайтыны өкінішті.
Осылай деген Владимир Беккер су айдындарында шомылуға бел буған кезде көзсіз батырлықтың қажеті жоқтығын, себебі терең көлдер мен су қоймаларында нақты қатер бар екенін алға тартты.
Қазіргі таңда суға бату туралы қайғылы жағдайлар Түркістан, Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында көп тіркеліп тұр.

uakit.kz