ҮШІНШІ ҚАЛАДА ЕРІКТІЛЕР ЛИГАСЫ ҚҰРЫЛДЫ
Жуырда «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Арыс қаласындағы апат кезінде эвакуациялық пункттерге жеткізілген тұрғындарға көмек көрсеткен жас белсенділерді Алғыс хатпен марапаттады. Жастардың жігерін жандырған бұл басқосуда Шымкентте «Еріктілер лигасы У 17» қоғамдық бірлестігі құрылғаны хабарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай үшінші мегаполисте тың тірлік қолға алынып, «Еріктілер лигасы У 17» қоғамдық бірлестігі құрылды. Оның негізін қалаушы Сайра Амантаева барлық шымкенттік еріктілерді осы «Еріктілер лигасы У 17» қоғамдық бірлестігінің мүшесі болуға шақырады. Қоғамдық бірлестік 10 мың альтруистті қамтуды көздеп отыр. Өз ке-зегінде Сайра Амантаева «Президент келер жылды «Еріктілер жылы» деп атады. Бұл тамаша бастама. Жалпы еріктілердің қоғамға тигізер пайдасы көл-көсір. Олар жастардың бойына адамгершілік, ізгілік, жанашырлық, қайырымдылық сынды түрлі жақсы қасиеттерді сіңдіреді. Сонымен қатар, жауапкершіл, бастамашыл әрі бел-сенді болуға үндейді. Әрдайым жинақы жүруге баулиды. Қазіргі таңда қаламызда еріктілердің қатысуы қажет етілетін немесе әбден құпталатын көптеген әлеуметтік сипаттағы қоғамдық іс-шаралар көп өткізіледі», — деді.
Қоғамдық бірлестік көшбасшы, оқушылар мен студент еріктілерді біріктіріп, оларды бір мақсатта, бір бағытта жұмыс істеуге жұмылдырып отыр.