КӨШБАСШЫ ПАРТИЯ КІМГЕ СЕНІМ АРТАДЫ?

Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалғаннан бастап, жетекші саяси ұйымда бірқатар ауыс-түйістер орын алды.
Бауыржан Қыдырғалиұлы Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен Әлібек Әлденейді «Nur Otan»-ның хатшысы етіп тағайындады. Әлденей бір жарым жыл партия хатшысы болған Тамара Дүйсенованың орнын басты. Жетекші партиядағы тағы бір кадрлық өзгеріс Болат Кальянбековтің құрамына «Астана» телеарнасы, «Айқын», «Литер», Túrkistan, «Қазақстан Теміржолшысы» газеттері, NS және ORDA FM радиолары кіретін «Nur Media» холдингінің директоры болып бекітілуі болды.
Сонымен қатар, Ерлан Каналимов партияның Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары орынтағына отырды. Ол бұған дейін Елорда әкімінің орынбасары қызметін атқарған-тын. Жаңа кадрларды тағайындағаны туралы Бауыржан Байбек өзінің твиттер парақшасында мәлімдеді.
Және ол бұл ауыс-түйістерді партияның халықпен байланыс орнатуда жаңа форматқа көшіп жұмыс істейтіндігімен, бұл ретте Елбасы, партия төрағасы жас білікті мамандандарды жұмылдыруды тапсырғандығымен байланыстырды.
Бауыржан Байбектің кадрлық ауыс-түйіс жасайтыны осы қызметке келген алғашқы күндерден-ақ белгілі болып қалғаны жасырын емес. Естеріңізде болса шілденің алғашқы күндерінен бастап ол партияның Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың жұмысында шикілік көп екенін айтып, енді «тазалау» жұмыстарына бел буып отырғанын хабарлағаны белгілі. Ізінше Нұрмахан Миятұлы қызметін босатты. Оған соңғы кездері көшбасшы партияның Түркістан облыстық филиалына халықтан келіп түскен арыз-шағымдардың тым көбейіп кеткені және олардың басым бөлігінің әлі күнге дейін шешімін таппағаны негіз болған. Қазіргі таңда Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының уақытша міндетін Халима Жантөрева атқаруда.
Енді көшбасшы партияның Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары орынтағының бос орын болып тұруы қанша уақытқа жалғасатынын болжау қиын. Десе де кейбір сарапшылар бұл орынтаққа қазіргі таңда облыс әкімінің кеңесшісі болып жүрген Ұласбек Сәдібектовтың жайғасуы әбден мүмкін екенін алға тартып отыр. Бұл саяси жорамал әбден қисынға келетініне ешкім шүбә келтіре қоймас. Себебі, Сәдібеков биыл 9-маусымдағы ҚР кезектен тыс президент сайлауына партия атынан түсіп, жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Түркістан облыстық қоғамдық штабын басқарған. Мұның өзі жетекші партияда оған есіктің айқара ашылуына зор мүмкіндік беріп тұрғаны анық.
Қазіргі таңда облыс әкімінің кеңесшісі болып жүрген ол жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласын қалпына келтіру бағытында биліктің жергілікті тұрғындармен жүргізіп жатқан қарбалас жұмыстарының бел ортасында жүр. Апат болған аумақты қалпына келтіруге Сәдібековтей маманның тартылуы тегін емес. Өйткені ол қайбір жылдары Сарыағаштың бірқатар елді мекендерін су шайғанда, аудан әкімі ретінде халықты сабырға шақыра алып, табиғаттың тосын мінезінен бүлінген үйлерді, бұзылған көшелерді қалпына келтіруде де едел-жедел әрекет етіп, істің көзін таба білетіндігімен көзге түскен кадр. Бірақ былтыр Сарыағаштағы зорланған бала оқиғасына байланысты сол кездегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаев оған алғашында сөгіс беріп, кейіннен облыс әкімінің орынбасары қызметінен босатқан еді. Түймебаевтың бұл шарасына баға беруден аулақпыз.
Дегенмен де, тәжірибесі толысқан Ұласбек Сәдібековтей маманның ел тірлігіне жарап тұрғанын қазіргі билік анық көріп, біліп тұрған сыңайлы.

Қ. ҚАЛИЕВ.