МЕГАПОЛИСТЕ МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙДІҢ ЦИФРЛЫҚ ПАСПОРТЫ БАР

Шымкенте жол-көлік оқиғалары мен жолда жүру ережесін бұзу өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 16%-ға төмендеген. Бұған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған «Сергек» интелектуалды бейнебақылау жүйесі оң әсерін тигізген.
Бүгінгі таңда «Сергек» интелектуалды бейнебақылау жүйесі бойынша қала аумағындағы 29 нысанда камера іске қосылған.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Айнұр Юсупова мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, Шымкентте 2049 көпқабатты тұрғын үйдің 997-нің цифрлы паспорты жасалғанын айтты. Басқарма басшысы жолаушыларды қала ішінде тасымалдайтын 1102 қоғамдық көлікке GPS орнатылғанын хабарлады.
Қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақылды қала» жобасы бес негізгі бағыт бойынша іске асуда. Олар денсаулық сақтау саласы, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, қауіпсіздікті қамтамасыз бағыттары болып табылады. Өз сөзінде Айнұр Юсупова Шымкенттегі 36 медициналық мекеменің барлығы электронды жүйеге қосылғанын, 100% интернетпен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол, қала тұрғындары үшін көрсетілетін 195 мемлекеттік қызметтің 123-і электронды түрде жүргізілетінін жеткізді.