ИНВЕСТОРЛАР СҰЛУЛЫҚ ИНДУСТРИЯСЫН ДАМЫТУҒА НИЕТТІ
Шымкентке кәсіпкерлік ісі өрге басқан бір топ кәріс бизнесмендері ат шалдырды. Олар жергілікті билік өкілдерімен бірге Шымкентте фармацевтика және сұлулық индустрияларын дамыту мәселерін алға тартып, осы бағыттағы жоба-жоспарларын талқылаған.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбарасы Данат Жумин өзінің инстаграм парақшасында мәлімдеген. Сонымен қатар ол, бұл жүздесу осыдан біршама уақыт бұрын Кореяда болған сапары кезінде сол жердегі кәсіпкерлермен бейресми түрде кездесіп, оларды Шымкентке шақырудан соң болып жатқанын айтқан.
Істің көзін тауып, жұмысты іліп әкетіп, ілгерілететін кореялық бизнесмендердің бастамасы Шымкент әкімдігі тарапынан қолдау тауып жатса, үшінші мегаполисте кәсіпкерлік өрлей түсетіні сөзсіз.
Жалпы кореялықтар үшін Шымкент қаласының инвестициялық тартымды аймақ ретінде назарға іліккені тек осы дерекпен шектеліп қалмайды. Мәселен, былтыр кореялық «Highvill» компаниясы «Shymkent Сity» жобасы бойынша жаңадан бой көтеретін қалашықта тұрғын үйлер салуға ниетті екенін алға тартқан. Нәтижесінде олар қалалық әкімдікпен аталған жобаға 130 млрд. теңге салу жөніндегі меморандумға қол қойған. Сол кезде аталған компанияның 60 гектарға тұрғын үй, саябақ салатынын, құрылысты осы жылы бастайтынын мәлімдеген болатын.