ЕЛДІ ТАНУ – ЕСКЕРТКІШТЕРДІ БІЛУДЕН БАСТАЛАДЫ
Тарихы қалың Шымкентті танып білу әрбір өскелең ұрпақтың бойына рухани дән төгіп қана қоймай, оның санасы айқын, рухы мықты, елжанды азамат болып қалыптасуларына жол ашпақ. Бұл ретте үшінші мегаполисте бой көтерген еңселі ескерткіштердің өзіндік орны мен мәні де зор екені анық.
Ал оны ұрпақ санасына сіңдіру ұлы іс. Осы мақсатта «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Мегаполиске квест саяхат» атты іс-шара өтті.
Қала күніне орай ұйымдастырылған саяхаттың басты мақсаты – туған қаланың көрнекті жерлерімен жете танысу, оның тарихына үңілу, өлкетану жұмысын жандандыру, бой көтерген сәулетті ескерткіштердің рөлін біліп, бабалар рухына тағзым ету болып табылады.
Ерекше шараның бағыты Бәйдібек би ескерткішінен басталып, Тәуелсіздік саябағында аяқталды. Шара басталмас бұрын оны ұйымдастырушылар алқасы арнайы шақырылған қонақтарды, жастарды «Отырар» кітапханасы ғимаратының алдына жинады. Одан соң кітапхана директоры Күлия Айдарбекова квест керуеннің мақсаты жөнінде сөз сөйлеп, шараға қатысушыларға жақсы әсерге бөленулеріне тілектестік білдірді. Сондай-ақ жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, “Бәйдібек–Сыланды” қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Еркінбек Тұрысов келелі пікірін айтып, саяхатшыларға сәттілік тіледі.
Жолға шыққан керуен ең алдымен Бәйдібек баба ескерткішіне табан тіреді. Онда қала бойынша ең биік ескерткіштің тарихы мен оның орны жастарға кеңінен таныстырылды. Одан соң көшпелі топ «Мәңгілік алау ескерткішінен» бастау алатын Даңқ мемориалын аралады. Үш би ескерткішінің алдында қызықты деректерге қанық болған саяхатшылар Ордабасы алаңындағы «Отан Ана» тәуелсіздік монументінің тарихымен де танысып, соңғы бағыт Тәуелсіздік саябағына қарай бет алады. Соңғы бағытқа аялдаған саяхатшылар ұйымдастырушыларға осындай игі шараны өткізгені үшін алғыстарын білдіріп, керемет әсерге бөленгендерін жарыса жеткізді.
Жалпы осы шара аясында қатысушыларға викториналық сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, «Бәйдібек би ескерткішінің авторлары кімдер?», «Еліміздегі ең еңселі ескерткіш болған «Бәйдібек би» сәулет өнерінің биіктігі қанша метр?, «Бәйдібек бидің нақыл сөзін айта аласыздар ма?», «Ұлы Отан соғысына қанша оңтүстікқазақстандық қатысты?», «Қазақ әскери ғылымының атасы саналған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының отансүйгіштікке, ерлікке, батылдыққа баулыған қандай қанатты сөздерін еске түсіре аласыздар?», «Би-шешендеріміздің қандай нақыл-сөздерін айта аласыздар?», «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тарихи-монументалдық саябақ кешенінің бой көтеруіне тікелей араласып, қомақты үлес қосқан авторлық ұжым мүшелері кімдер?» сынды біраз сұрақтар қойылды.
Викториналық сұрақтардың барлығы да квест саяхаттың мазмұнын ашып, шараның қызықты өтуіне ықпал етті.