«ASIA TRAFO» – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ ИННОВАЦИЯЛЫ ЗАУЫТ
Шымкентте шағын және орта бизнес кең құлаш жайып келеді. Жуырда қаладағы «Тассай» индустриалды аймағында «Asia Trafo» трансформатор зауытының іске қосылуы соның нақты мысалы. Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысын бастаған кәсіпорын Қазақстандағы электротехникалық қондырғы шығаратын «Alageum Electric» кәсіпорнының құрамына жататынын айта кетейік. Өз кезегінде Түркістан облысындағы «Кентау трансформатор зауыты» да дәл осы компанияның құрамына жататынын, қазіргі таңда онда өндірілген өнімдер тек ішкі нарыққа ғана емес, Ресейге, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түрікменстанға, Қырғызстанға, Иранға, Әзербайжан мен Ауғанстанға шығарылатынын баса айта кетейік.
Шымкентте іске қосылған «Asia Trafo» трансформатор зауыты кернеуі 110кВ-дан 500кВ-ға дейінгі трансформатор шығаратын Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны болып табылады. Зауыт Шымкент қаласының «Тассай» өндіріс аумағында 12 гектар жерге орналасқан. Оның ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин, «Asia Trafo» зауытының бас директоры Серғазы Күнтуаров, сондай-ақ, шетелдік қонақтар, ҚР даму институтының қызметкерлері, «Атамекен» ҰКП, министрліктер, салалық комитеттер басшылары, бірегей ассоциация, жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың, коммуналды кәсіпорындардың және ТМД елдерінің іргелі тұтынушы ұйымдарының өкілдері қатысты. Өз кезегінде шараға қатысушылар мұндай қуатты электроэнергетикалық қондырғыны шығару Қазақстанда бұған дейін қолға алынбағанын алға тартты.
– Зауытқа отандық құрылыс материалдары пайдаланылды. Тек зауыт ішіндегі арнайы қондырғылар Украинадан және т.б. елдерден әкелінді. Кәсіпорын Қазақстандағы электротехникалық қондырғы шығаратын «Alageum Electric» құрамына жатады. Бұл жоғары технологиялық зауыттың құрылысы 2017 жылы басталды. Алғашқы күндердің өзінде-ақ энергетиктер бұл жобаны Қазақстан аумағындағы ең инновациялы зауыт деп атай бастаған болатын. Кәсіпорынның өнімі өзінің бірегей патенттелген технологиясы бойынша өндіріледі, – деді жоба жетекшісі Еркебұлан Ильясов.
Енді «Asia Trafo» зауытының ашылуы Қазақстанмен қоса үшінші мегаполистің дамуына да елеулі үлес қосатын болады. Кәсіпорынның өнімдерін ТМД елдерінің нарығына, яғни, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне, сондай-ақ Иран, Ауғанстан, Пәкістанға шығару жоспарланып отыр.
Айта кету керек, «Alageum Electric» – Қазақстандағы іргелі электротехникалық компаниясы. Оның құрамында электроэнергетика, электромашина құрылысы және құрылыс саласын жүргізетін 30-дан астам кәсіпорны мен зауыттар бар. Олардың қатарында Кентау қаласындағы «Кентау трансформатор» зауыты және «Электромонтаж» АҚ, «Электр бұйымдарын құрастыру зауыты» бар. Бұл кәсіпорындар 10 арнаулы құрастыру басқармасын біріктіріп, небір күрделі электро қондырғыларын құрастырады.