«ЕГЕ БІЛГЕН ДИҚАН ЕМЕС, САТА БІЛГЕН ДИҚАН»

Отандық өнімге сұраныс қандай?

Өндірістің өркен жайғаны әрине қуантады. Бірақ кәсіпорын жұмысы жыл он екі ай қарқынды жұмыс істеуі үшін аларманда әрдайым табылып отыруы қажет. «Еге білген диқан емес, сата білген диқан» дегендей, шымкенттік өнімдердің әрдайым пышақ үстінде өтіп кетуін де қарастыруды ұмытпаған абзал. Яғни, экономиканың өзегі болып табылатын өндірісті өрге сүйреу үшін таразы басын тең ұстау қажет.
Осы мақсатта жуырда Шымкентке «Теңізшевройл» компаниясының бір топ өкілдері келіп, жергілікті кәсіпорын басшыларымен жүздесіп қайтты. Имер Боннер бастаған делегаттардың үшінші мегаполиске ат шалдыруының басты мақсаты – аталған компания өз жобаларын жүзеге асыруы кезінде шымкенттік өнімдердің қолданылу үлесін арттыру болып табылады.
Іргелі мекеменің өкілдері жергілікті кәсіпорын басшыларымен кездеспес бұрын Шымкенттегі матор майларын шығаратын «HILL Corporation», цемент өнімін шығаратын «Стандарт цемент» ЖШС, «Шымкентцемент» АҚ, бетон және бетон өнімдерін шығаратын «Нұр-Строй» ЖШС, «Karlskrona Lc Ab» машина құрылыс зауыты, «Asia Trafo» трансформатор зауытын аралады. Одан соң жергілікті өңірлік палатасында кәсіпкерлермен жүздесіп өзара пікір алмасты. Кездесу барысында «Теңізшевройл» басшылығы компанияның мүмкіндіктері туралы төмендегідей деректерді келтірді.
Бүгінде «Теңізшевройл» Қазақстандағы ең ірі мұнай өндіретін мекеме. Сонымен қатар ол ел бюджетіне ең ірі салық түсімін түсіретін кәсіпорын ретінде ерекшеленеді. Қазақстанда алғаш құрылған 1993 жылдан бастап бүгінге дейін компанияның мемлекет экономикасына қосқан үлес салмағы 135 млрд. АҚШ долларына жеткен. Қазіргі таңда дәл осы серіктестік отандық өнімдерге, жұмыстар мен түрлі қызметтерге ең көп тапсырыс беретін мекеме болып табылады. Өз жұмысын бастаған алғашқы жылдардан бастап күні бүгінге дейін «Теңізшевройл» елімізде 28 млрд. АҚШ долларына қазақстандық өнімдер мен қызметтерге қол жеткізген. 2018 жылы «Теңізшевройл» өз тарихында рекордты 3,5 миллиард АҚШ доллары болатын сомаға қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алған.
Жиында жергілікті кәсіпорындардың аталған компаниямен серіктестік байланыс орнатудың тиімді тетіктері жан жақты қарастырылды.