ТҮЛЕКТЕР ҮЛКЕН ӨМІРГЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Биылғы оқу жылында Шымкенттегі мектептерден 8080 түлек үлкен өмірге қанат қақты. Олардың ішінде 5472 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын болса, 403 мектеп бітіруші — «Алтын белгі», 367 түлек — «Үздік аттестат» иегерлері болуға үміткер.
Осыған орай 25-мамырда барлық мектептерде соңғы қоңырау іс-шарасы болып өтті. Айтулы күнде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мектеп бітіруші түлектерге «Сіздер балалық шақты артқа тастап, үлкен өмірге қадам бастыңыздар. Болашақтарыңызға парасаттылық биігінен қарап, қашанда білімге деген табандылық танытуларыңызға шақырамын.
Жазғы демалыс кезеңінде сіздер пайдалы іспен шұғылданып, ата-аналарыңыздың көмекшісі ретінде барлық қамқорлықтарыңызды көрсетесіздер деген үміттемін.
Сіздердің жарқын болашаққа бастаған қадамдарыңыз сәтті болып, елімізге танымал саналы азаматтар ретінде бой түзейтіндеріңізге сенімдімін» деген тілек арнады.
Мектептен «таудай болып» шығып жатқан түлектерге арналған құттықтауын әкім өзінің инста-парақшасы арқылы жолдады.
М. ӘБДІРАЙЫМ.