НҰРСҰЛТАН НҰР-СҰЛТАНДА ӨТЕТІН КОНКУРСҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Мемлекеттік қызметкер болу – зор мәртебе. Осы салада әрдайым абырой биігінен көріну үлкен еңбек пен ізденісті талап етеді.
Шымкентте мемлекеттік қызметшілер арасында үздіктерді анықтауға бағытталған байқау өтті. Оған қаладағы мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін 30-дан астам мемлекеттік қызметші ниет білдірді. Қатысушылар еліміздің стратегиялық және бағдарламалық құжаттары бойынша тест тапсырды.
Мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру мен мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарада арнайы тест қорытындысымен екінші кезеңге жіберілген 6 мемлекеттік қызметші өз жобасын таныстырып, аталған жобалардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаншалықты тиімді боларын нақты дәлелдермен келтіре отырып жеткізді.
Іріктеу барысында комиссия мүшелері үміткерлердің жеке мәліметтерін, олардың жарияланымдары мен марапаттарын, ғылыми атағы мен дәрежесін, спорттық жарыстардағы жетістіктері және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігін назарға алды. Сонымен қатар өздері ұсынған жобада көрсетілген тақырыптардың өзектілігі мен мәселені шешудегі менеджменттік тәсілі, қордаланған проблеманың негізгі себебін білу және оны шешудегі зерттеу деңгейі, жүзеге асырудан күтілетін экономикалық тиімділігі бойынша баға берді.
Сондай талаптардың үдесінен шыға білген Шымкент қалалық Соттар әкімшісінің басшысы Нұрсұлтан Байтілесов «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсына жолдама алды. Енді ол Нұр-Сұлтанда өтетін жарыста Шымкент қаласының намысын қорғайтын болады.
Нұрсұлтан Төленұлы Байтілесов 1991-жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өмірге келген. 2009-жылы Астана қаласындағы ҚазГЗУ-дің колледжін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2016-жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін «Заңтану» мамандығы бойынша аяқтаған. 2016-жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде заңтану мамандығы бойынша тереңдетілген білім алып, заң ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленген. Еңбек жолын 2009-жылы Астана қаласының Алматы аудандық сотының жетекші маманы болып бастаған. Кейін Атырау және Павлодар облыстық соттарында, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінде, Әскери Сотта жауапты қызметтер атқарған. Шымкент қалалық Соттар әкімшісінің басшысы болып тағайындалғанға дейін Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің халықаралық байланыстар және протокол бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып келген.
С. НҰРАЙ.