«Жалпыхалықтық диктант» жаңа әліпбиді тез баулуға бейімдейді
Өткен аптаның сәрсенбісінде Астана уақытымен сағат тілі 11:00-де республиканың барлық аумағында «Жалпыхалықтық диктант» жазылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19-ақпандағы Жарлығына және ҚР Премьер-министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес республика тұрғындарының жасы мен жасамысы қолдарына қалам алды. Оған 15 жастан асқан барлық азаматтар – мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызмет ұсынатын ұйымдардың қызметкерлері, студенттер, оқушылар қатысты. Мақсат – жаңа қазақ әліпбиін барынша насихаттау, латын негізді қазақ әліпбиін тәжірибеде еркін меңгеру болып табылады.
Диктант бір уақытта әр аймақтағы тілдерді дамыту басқармалары дайындаған арнайы аудиторияларда өткізілді. Жаңа емле ережесін ел болып тез уақытта үйренуге баулу мақсатында ұйымдастырылған «Жалпыхалықтық диктант» шарасына 2 миллионнан аса қазақстандық қатысты. «Рухани жаңғыру» деп аталатын диктант мәтіні emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және «Қазақ радиосы» арналарында тікелей эфир арқылы таратылып, ол жарты сағаттай уақытқа созылды.
80-ге жуық сөзден тұратын жалпыхалықтық диктантты жазуға Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-қорық музейінің ұжымы да белсене қатысты.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи қорық музейі мен оған қарасты тарихи мәдени орындардың қызметкерлері қазақ әліпбиінің жаңартылған нұсқасында диктант жазу арқылы латын графикасының қолданысқа енгізілуіне зор қолдау білдіретінін жеткізді.
Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.