Төрткүл дүние туристері кесенені таңдайды


Әлем бойынша туристер үшін ең тартымды нысандар қайсы?
Дөңгеленген дүниеде осы сұрақ бойынша мыңдаған халықтың арасында сауалнама жүргізілген. Соның негізінде туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізімі жасалған. Осы тізімге Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі енген.
Бұл туралы «КӨНЕ ТҮРКІСТАН – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР» атты Халықаралық инвестициялық жəне туристік форумда белгілі болды. Бұлай болмағанда ше?! Ясауи кесенесінің сәулеті мен келбеті талайлардың таңдайын қақтырып, таңданысын туғызатынына ешкім шүбә келтірмейді. Өткен жылдың өзінде осы нысанды көзбен көру үшін Түркістанға 1 млн.-нан астам туристің табаны тигені соның жарқын мысалы болады. Дегенмен де оның әлемдік деңгейде мойындалатыны осылайша ресми түрде жарияланып жатқаны ғанибет емес пе?! Бұдан бөлек, туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне Арыстан баб кесенесі мен көне Отырар қалашығы да кірген.
Осындай ақжолтай жаңалық айтылған жиында Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев мәлімдеме жасап, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа мәртебелі сертификаттарды салтанатты түрде тапсырады. В. Пискурев өз сөзінде:
– Бүгінгі күн түркістандықтар үшін қуанышты сәт деп айтуға болады. Себебі, туризмнің тартымдылығы мен тұрақты туризмді дамыту жөніндегі халықаралық комитетінде осы облыстағы үш бірдей тарихи нысанға халықаралық деңгейдегі мәртебе беріліп отыр. Мұндай қорытынды шығару үшін жүргізілген сауалнамаға сан мыңдаған адамның пікірі сарапқа салынады. Аталған нысандар комитеттегі барлық мемлекеттер тарапынан қолдауға ие болды. Осы ретте бұрын-соңды бір өңірден құндылығы жоғары мұндай бірнеше тарихи орын шықпағанын айта кетейін», — деді.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев болса адам бойына ерекше ерік-жігер сыйлайтын мұндай мәртебе жаңадан құрылған Түркістан облысының туристік әлеуетін көтеруге зор ықпал ететінін, бір облыстан бірден үш нысанның халықаралық деңгейде мойындалуы біздің ғана емес, Қазақстанның мақтанышы екенін айтты. Сонымен қатар ол, облыста туризмнің ең табысты салаға айналатын кезінің ауылы алыста емес екендігін де мәлімдеді.
Жиында туризмнің қыр-сырын білетін мамандар мұндай атақ өңірге келетін туристер санының өсе түсуіне зор тегеурін болатынын алға тартты. Лайым, айтқандары анық болғай.

С. НҰРАЙ.