ТӨРТКҮЛДЕ ТАҒЫДА ТОЙ ДУМАН!

2018 жылдың 10 қазан күні Облыстық халық шығармашылығы орталығының Ортағасырлық Төрткүл керуен сарайы тарихи кешенінде кеше бастау алған «Қазақ ауылы» жобасы аясында өтіп жатқан мәдениет күндері өз мәресіне жетті.
Аталған мәдени іс-шараға Байзақ, Жамбыл, Сарысу аудандарының мәдениет үйінің қызметкерлері мен өнерпаздары атсалысты. Бұл көпшілікке арналған мәдени шарада қазақтың салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары дәріптеліп, қала қонақтары мен жиналған көпшіліктің назарларына ұсынылды. Сонымен қатар, аталған аудандардың өнерпаздары «Құда түсу», «Қыз ұзату», «Тоқым қағар», «Асату» сынды салт дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымызды жаңғыртып, ұлттық әндерімізді орындап, бабаларымыздың аманаттап кеткен құнды дүниелерімізді насихаттап жиналған көпшіліктің ықыласына бөленді.

Иә, рас, «Өнер көзі-халықта» деп бекер айтпайды қазақ халқы. Соңғы уақыттарда өңірде халықтың рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру мақсатында бір қатар айтулы шаралар іске асырылуда. Ал кешелі бері өтіп жатқан іс-шара рухани баю тойлары. Ұлы бабалардың рухани мұрасы ұрпақтарына мыңдаған жылдар азық болуға жарайды. Ал бүгінгі мәдени іс-шаралар соның айғағы.
МАДИЯР ЕРАЛЫҰЛЫ