СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ-БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ

Ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев түс ауа мемлекеттік қызметшілермен арнайы семинар-тренинг өткізді.
Семинарға ауданымыздағы мемлекеттік мекемелер мен бөлім басшылары, мемлекеттік қызметшілер мен мектеп директорлары қатысты. Жиынды аудан әкімі Ерлан Айтаханов ашып, жүргізіп отырды.
Семинарда сөз алған департамент басшысы мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жиынның мән-маңызына тоқтала келе, жемқорлық пен құқық-бұзушылықты туғызатын себептер мен жағдаяттардың алдын алып, оларды жою, мемлекеттік қызметшілердің білімін көтеру, жемқорлыққа қарсы саясатты насихаттау, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы жүргізілетін шаралардың жариялылығы мен ашықтығын үйлестіру туралы түсіндіріп өтті.
Семинар барысында сыбайлас жемқорлықтың адамзат баласына тигізген зардабы жайында бейнеролик көрсетілді.
Жиында бейнероликтің мемлекеттік қызметшілерге үлкен ой салып, алдағы уақытта әрбір азамат мұндай істерден аулақ болатынына сенім білдірген аудан әкімі: «Еліміз Тәуелсіздік алып, бүкіл дүние жүзіне танылдық. Дүние жүзіне қазақ елі біртұтастығыменен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғамның дамуында жаңа жол айқындалып, туындаған әртүрлі кеселдерден айығу ең басты міндет болып тұр. Оның ең бастысы- сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен алға қойылып отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметшілердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы. Өйткені, оған елдің болашағы ғана емес, əр адамның тағдыры да байланысты» — дей келе, ауданымызға арнайы ат басын бұрған департамент басшысына отырарлықтардың атынан шынайы алғысын жеткізді.
Семинардан соң ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, пікірлері мен өтініштерін тыңдады.