«АЩЫСАЙТҮСТІМЕТАЛЛ» КОМБИНАТЫ ЖАЙЫНДА ЖАҢА КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

Кентау қаласында кеншілер күні жоғары деңгейде аталып өтті. Ардагер кеншілер мен қала қонақтары Абай даңғылы бойында орналасқан Кеншілер аллеясындағы еңбек ардагерлеріне арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Іс-шара Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында ұйымдастырылған салтанатты жиынмен жалғасты.
Сәні мен салтанытты жарасқан сахнада сөз алған қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев ардагер кеншілер мен қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.
— Комбинат қызметкерлері дүниежүзілік рекорд жасады. Бүгінгі күнге дейін ол рекордтарды әлі ешкім жаңарта алған жоқ. Осылайша аға ұрпақтың әлемді таңдандырған және ешбір ел жаңарта алмаған шапшаң бұрғылау жөніндегі рекорды тарих бетінде алтын әріппен жазылды. Бұл сол уақыттағы кенші-металлургтердің төгілген тері, қолтаңбасы ретінде кейінгі буынға өнеге болып қала береді. Сондықтан да Кентау — қиындықтан тайсалмайтын, еңбектен жиренбейтін нағыз еңбекқор, отансүйгіш, ел мен жердің абырой-беделі үшін тау қопарып, тас тескен елжанды еңбек майталмандарының қалашығы, әлеуеті мықты «кадрлар ұстаханасы» аталады.
Комбинат дүние жүзінде теңдесі жоқ кадрлар тәрбиелеп өсірді. Олардың ішінде 7 Социалистік Еңбек Ері, 53 Ленин орденінің иегері, 15 Октябрь революциясы ордені, 12 Лениндік сыйлықтың лауреаты және 5 КСРО, 11 Каз ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, 10 КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты, 3 Ленин комсомолы сыйлығының иегері, 22 ғылым кандидаты, ондаған еңбегі сіңген кеншілер, байытушылар мен металлургтер, өнертапқыштар, құрылысшылар, энергетиктер шықты. Әрине, бұл кішкентай ғана қаланың мақтаныш тұтар еңбек адамдары, — деді Әбдібақыт Тілләбайұлы.
Жиында «Ащысайтүстіметалл» кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың авторы қала жанашыры, Кентау қаласының Құрметті азаматы Марат Битимбаев. Бас демеуші, меценант Еркін Тәтішев.
Жаңадан жарық көрген кітапта комбинатта атқарылған көп жылғы еңбектер жинақталған. Сондай-ақ, шалғайдағы шағын қалашықта орналасып әлемдік рекордтарды жасаған және ел үшін көптеген игі бастамалардың ұйытқысы болған ардагер кеншілер жайында көптеген мәліметтер келтірілген.
«Бұл кітаптың көпшілік үшін мәні мен маңызы жоғары, құны да қымбат» — деген қала басшысы игі іске ұйытқы болған жандарды «Қала жанашыры» төсбелгісімен және арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
Мінберде сөз алған Марат Битимбаев, Еркін Тәтішев, Орынбек Ахмамбетов секілді ел ағалары Кентаудың құрылу тарихы туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев көпшілікті мерекемен құттықтады.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев пен қаланың Құрметті азаматы Абибулла Құштаев «Ащысайтүстіметалл» комбинаты ардагерлерін «Кенші даңқы», «Еңбек даңқы», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапаттады.
Іс-шара қала өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.