МӘДЕНИ КҮНДЕР МЕРЕЙІМІЗДІ АСЫРЫП, РУХЫМЫЗДЫ АСҚАҚТАТТЫ
Осы аптада мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен Астана қаласының 20 жылдығына орай Түркістан облысының (Оңтүстік Қазақстан) Астанадағы үш күндік мәдени күндері өтті. Үш күнге жалғасқан мәдени күндер аясында елордадағы «Оқушылар» сарайында «Кино – руханияттың көзі» жобасымен күнгейде түсірілген анимациялық және көркем фильмдер көрсетілімі болды. Онда балалардың рухани әлемін байыта түсетін, патриоттық рухта тәрбиелейтін тарихи-танымдық «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» атты телехикая астаналық балғындардың назарына ұсынылды.
Аталған фильмдер Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында 2017 жылы аймақ басшысы Ж.Түймебаевтың бастамасымен өңірдегі «САҚ» киностудиясы түсіргенін айта кетейік.
Өз кезегінде бұл тарту ондағы балалардың тарихи танымын кеңейтіп қана қоймай, оларға естен кетпес рухани қуаныш сыйлады.
Түркістан облысының Астанадағы мәдени күндері аясында жергілікті қолөнершілер мен қылқалам шеберлерінің 500-ден астам туындысы қала тұрғындары мен қонақтарына «Астана» концерт залының фойесінде ұсынылды.
Кешенді көрмеде келушілер назарына Оңтүстік Қазақстан облысының қасиетті, киелі жерлер тізіміне енген тарихи-мәдени орындары, мәдени іс-шараларда түсірілген көркем, анимациялық, деректі фильмдер туралы видео және суреттер, белгілі қылқалам шеберлерінің шығармалары, қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары, облыстың көркем жерлері бейнеленген фотосуреттер, ақын-жазушылардың кітаптары мен ұлттық киімдер, Астананың көрікті орындары бейнеленген кілемдер, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген азаматтар туралы мәліметтер орналастырылды.
Осы шара аясында облыс шеберлерінің кенеп бетін көмкерген бас қаламыз туралы туындылары жұрт көңілінен шықты. Келушілерді қатты таң қалдырғаны ол «Ақорда», «Әзірет Сұлтан», «Нұр Астана» сынды қаланың кескін көрінісін ашатын бас нысандарының кілем бетіне айнытпай түсірілгені болды. Өз кезегінде олар Шымкенттегі «Бал Текстиль» және «Назар текстиль» сынды қос бірдей кілем зауытында дайындалған.
Іргелі зауыттың шеберлері дайындаған мұндай қайталанбас туындылардың арасында Астананың ажарын ашатын жоғарыдағы нысандардан бөлек, «Ғашықтар саябағы», «Хан шатыр» сауда орталығы, «Мәңгілік ел» қақпасы, «Бәйтерек» монументі, Есіл жағасы мен қаланың қос жағалауын байланыстырып тұрған көпірлердің кілем бетіне тоқылып, дәл суреттегідей айқын бейнеленгені жұртшылықтың таңдайын қақтырды. Шымкенттік тоқыма шеберлері Елорданың көкпен таласқан тұрғын үйлерін де кілем бетіне ерекше үйлесіммен түсірген.
Бұл туындылардың барлығы келушілерге ерекше эстетикалық ләззат сыйлайды.
Бұдан бөлек «Ән мен күй әлдилейді Астананы» атты Түркістан облысының Астанадағы мәдени күндері аясында Елорда төрінде «Асқақтай бер, Астана!» атты облыс өнерпаздары дайындаған гала-концерт болып өтті.
Ол «Шарықтай бер, Астана» театрландырылған-хореографиялық композициясы бойынша басталып, күміс көмей әншілердің дәстүрлі әндер шеруі, қазақ және классикалық әндер айтуымен жалғасты. Сонымен қатар, Ш.Қалдаяқов әндерінен попурри айтылып, «Дала рухы» композициясы көрсетілді.
Жалпы үш күнге созылған мәдени күндер аясында облыстағы өнер қауымының жұртшылыққа көрсеткен мерекелік шаралары мерейімізді асырып, рухымызды асқақтатты.
Н. САДЫҚ.Ф