«ЖАСЫЛ ҚАЛА» ШЫМКЕНТТІ ЖАЙҚАЛТАДЫ

Шымкент күн сайын көркейіп келеді. Бірақ оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы дами түскенмен қаланың атмосфералық ахуалы мәз болмай тұр. Бұл туралы газетіміздің алдыңғы сандарында мамандардың келтірген дерегіне сүйеніп, кең көлемді мақала жазған болатынбыз.

Онда өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Шымкент Қазақстандағы ең лас қалалар қатарына қосылғаны тақырып өзегіне айналған болатын. Соңғы кездері мегаполис ретінде танылған қаламызда топырақ пен су көздерінің ластануы арта түскен. Қалдық сулардың көбеюі жылдағыдан бірнеше есе жоғарылаған. Техникалық және рекреациялық әсердің кесірінен қала маңындағы бағалы ландшафтар құрып барады. Мұның өзі қоршаған ортаны сауықтыру қажеттігін туындатып отырғаны белгілі.
Осыған байланысты Шымкент қалалық әкімдігінің бастамасымен «Жасыл қала» бағдарламасы әзірленді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов жетекшілік еткен жобалаушы топқа түрлі тиісті саланың майын ішіп, жілігін шағатын мамандар, атап айтқанда сәулетшілер, ғалымдар, биологтар, агрономдар, бағбандар, гидротехниктер, экономистер жұмылдырылған. Жасыл желекті жайқалтуға серпін беретін ондағы сала мамандарының көпшілігі М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нен екенін де айта кетейік.
Қаланы өз атына әбден лайық болуын қамтамасыз ететін «Жасыл қала» бағдарламасында Шымкенттің жасыл белдеуін қалыптастырудың, көшелерді көгалдандырып, саябақ аумақтарын дамытудың нақты жобалары қарастырылған. Ол нақты жүзеге асатын болса, Шымкенттің кіреберіс аймақтарында тоғайлар пайда болып, ауыл шаруашылығы жерлерінің маңында талдар алқабы құрылатын болмақ. Ал өзендердің бойынан гүлзарлар салынбақ. Жүзімдіктер мен жеміс баулары бар көшелердің саны артпақ. Жобаны жасау кезінде мамандар қала символы болып табылатын қызғалдаққа да баса мән берген. Яғни, олар «Жасыл қала» бағдарламасы аясында Шымкентте қызғалдақтар қорын құруды көздеген.
Көңілден шыққан бұл бағдарламаның орындалу мерзімі 2030 жылға дейін белгіленген. «Жасыл қала» республикалық, жергілікті бюджеттен және жеке инвестиция тартумен жүзеге асырылатын болады.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.