ӨЗЕН ЖАҒАСЫ ӨРКЕНИЕТКЕ САЙ ӨЗГЕРЕДІ

12 шақырым жер демалыс аймағына айналады

Шымкент әкімі Нұрлан Сауранбаев облыс басшысына «Қарасу» және «Қошқар ата» өзендерінің жағасын абаттандыру жұмыстарының жобасын таныстырды. Жобаға сәйкес келешекте өзен жағалауының енінен 10 метр, ұзындығы 12 шақырымға жалғасқан өзен жағасы халық қыдырыстайтын демалыс аймағына айналады.
Жалпы ұзындығы 78 шақырымды құрайтын Қошқар ата өзенінің Шымкенттегі аумағын абаттандыру мәселесі осыдан бірнеше жылдан бері көтеріліп жатқаны белгілі. Өзен жағасындағы кейбір жерлер бірқатар азаматтарға жекеменшікке берілген. Соғай байланысты онда бірнеше нысандар бой көтерген. Қала келбетін бұзып тұрған ол нысандарды сүру, жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жергілікті билік өкілдері қатарынан бірнеше ай бойы тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келген болатын. Мұның өзі оңай-оспақ жұмыс емес. Нәтижесінде жоғарыда аталған жоба бойынша кедергі келтіреді деп танылған өзен жағасындағы 96 жер учаскесінің иелері әкімдік ұсынған «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» ұсынысты мақұлдап, жер учаскелерін өз еркімен босатуға келісімдерін берді.
Босатылған 96 жер учаскесінің 33-і гараж, 28-і бос жатқан аумақ, 20-сы үй, 14-і жеңіл құрылыс нысаны болған. Олардың ішінде 20 жекеменшік жер учаскесінің иелері екі сөзге келмей өз учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін тапсырған. Бұл үшін бір тиында ақы сұрамаған. Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Ғабит Мәуленқұлов жергілікті азаматтардың бұл ірілігі олардың Шымкентті шырайландыруға қосқан үлесі деп танып, мұның өзгелерге үлгі боларлық іс екенін алға тартты.
Сондай-ақ, ол бейбіт түрде жүргізілген бұл жұмыстардан соң «Қарасу» және «Қошқар ата» өзендерінің жағасын абаттандыру жұмысы қарқын алатынын да мәлім етті.

«Ескі қалашықта» еңселі үйлер
салынады

Шымкенттегі Қошқар ата өзенінің жағасын абаттандыру тек қыдырыстайтын аумақ құрумен ғана шектеліп қалмайды. Жоғарыдағыдан бөлек мұнда іргесі әбден сөгілген, қабырғасы қисайған, қирауға шақ тұрған үйлер жетерлік. Шымкент қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму концепциясы бойынша ондағы үйлер бұзылып, орнына заман талабына сай көп қабатты үйлер бой көтеретіні көрсетілген болатын. Бұл үшін «Қошқар ата» тұрғын үй кешені жобасы жасалғаны белгілі.
Осы аптада Шымкент әкімі Нұрлан Ермекұлы аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевқа «Қошқар ата» тұрғын үй кешенінің макетін таныстырды. Макетте аталған кешен негізінде 208 мың шаршы мертді құрайтын, 3976 пәтерлі 61 көп қабатты тұрғын үйдің бой көтеретіні көрсетілген.
Өз кезегінде тұрғын үй құрылысын жүргізу үш кезеңді қамтитынын айта кетейік.

«Түркістан»
моншасы
демонтаждалады

«Ескі қалашықты қайта құру» жобасына сәйкес Түркістан көшесі бойындағы «Түркістан» моншасы алдағы аптадан бастап сүрілетін болады.
Бұл туралы журналистерге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары
Ғабит Мәуленқұлов мәлім етті.
Соның негізінде қаладағы Д. Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы басталады. Екі кезең бойынша жүргізілетін жол құрылысының бірінші кезеңінде Түркістан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін жол салу жұмыстары жүзеге асады. Оның жалпы ұзындығы 580 метр, ал ені 42 метрді құрайтын болады. Жұмыс ауқымын орындау кезінде 73 нысанның сүрілетіні анықталды. Бүгінгі таңда Шымкент қалалық әкімдігі оның 33-нің иесіне заң аясында белгіленген өтемақыны төлеп үлгерді. Өтемақы алғандардың қатарында «Түркістан» моншасының иесі де бар. Жобаның екінші кезеңінде Әйтеке би көшесінен Володарский көшесіне дейін ұзындығы 480, ені 42 метрді құрайтын жол салынатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, Түркістан моншасының сүрілетіні туралы мәселе 2014 жылдан бастап көтеріліп келген болатын. Бірақ монша иесі мемлекет мұқтажы үшін оның сүрілуіне келісім бермеуіне байланысты, мәселе май шаммен қаралу үшін сот қарауына жолданған еді. Нәтижесінде мемлекет мүддесі бірінші орынға қойылып, нысанның демонтаждалатыны анық болды.

Н. ҚАМБАРОВ