«ТҰЛПАРДА» ӨТТІ ҚОНЫС ТОЙ

«Үйің жаман болса, күйің жаман» деген. Қарапайым тұрғындардың осы бір жағдайын жақсартпай, отыздыққа ұмтылу елдігімізге үлкен сын.

Сондықтан да еліміздегі бұқараны баспанамен қамтитын бағдарламаларды қарқынды жүзеге асыру мәселесі үлкен назарға алынған. Республиканың әр өңірінде күн ұзартпай халыққа пәтер кілттерінің табысталуы сол сөзіміздің жарқын мысалы.
Жуырда Шымкенттегі «Тұлпар» мөлтекауданындағы жаңа «Тұлпар» тұрғын үй кешенінде екі тұрғын үй пайдалануға беріліп, 72 отбасы баспаналы болды. Пәтер иелеріне оның кілтін салтанатты жағдайда табыстау үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев арнайы келді. Үш қабаттан тұратын бұл тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамы мен «Ақмойнақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің есебінен бой көтерген.
Жаңа үйдің кілтін ұстап, жүздері бал-бұл жанған тұрғындардың қуанышына облыс, қала басшылары шынайы қуанып, тұрғындарға ақжарма тілек арнады. Әр шаңырақта тек шаттықтың орнауын, берекенің болуын тіледі.
Әп-сәтте балаларға толып базар болған «Тұлпардағы» бұл екі тұрғын үйдің үш қабаттан тұратынын айтып өттік. Әрбірінде 36 пәтер бар. Құрылысты сегіз айдың ішінде бастан-аяқ мердігер мекеме «Эристайл Қазақстан» ЖШС жүргізген. Тұрғын-үй үшінші санатты бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерден құралған.
Елімізде ең басты әлеуметтік мәселе әрбір отбасының «өз үйі, өлең төсегенің» болуы. Осы бағытта мемлекеттің тиімді жобалардың жүзеге асуын қамтамасыз етуді қарқынды жүргізудің маңыздылығы жоғары.
Мұны сарабдал саясаткер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев терең түсініп қана қоймай, оның түйінін тарқату бағытында көп тер төгіп келеді. Үстіміздегі жылдың наурыз айында өзінің бес әлеуметтік бастамасы туралы халыққа арнаған үндеуінде сол қырын тағы бір рет дәлелдеді. Әлеуметке әл кіргізетін үндеудің бірінші бастамасында мемлекет басшысы «Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр» дей келе, «жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оның отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан, мен «7-20-25» бағдарламасын ұсынамын» деген болатын. Соған орай несиемен үй алуға ниеттенген әрбір отбасының несие өсімінің мөлшерлемесі ендігі кезекте қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Және бастапқы жарна көлемі 20 пайызды құрамақ. Ал төлем уақыты 25 жылға дейін жалғасады.
Өз кезегінде бұл Шымкенттегі кісі есігін жалдап тұратын мыңдаған отбасы үшін ақжолтай жаңалық болды. Жұмыс қамы, бала бағымы сынды қу тіршіліктің соңында жүрумен қатар, бұған дейін бастапқы жарнасы 30,50 пайызды құрайтын тұрғын үйге қол жеткізуге әрекеттеніп жүрген қаншама отбасы осы бір сүйінші хабарды естігенде тақияларын аспанға лақтырып қуанғаны белгілі. Биыл Шымкентте халықтың сол қуанышы көп ұзамай қоныс тойын тойлаумен жалғасатыны қандай ғанибет десеңізші.
Өйткені биылдың өзінде өңірде жеке салушылар есебінен 104 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып кеткен. Оның 16-сы жыл аяғына дейін толықтай аяқталып, халыққа «7-10-25» бағдарламасы шеңберінде үлестірілетін болады. Жалпы облыста құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлердің жалпы саны 277-ні құрап отыр.
«Тұлпар» тұрғын үй кешенінде халыққа пәтер кілтін табыстау бойынша өткен шарада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осылай деп мәлемдеді.
Естеріңізге сала кетсек, бүгінде «Тұлпар» мөлтекауданында жоғарыдағы үйлермен қатар, 5 қабаттан тұратын 48 пәтерлі тағы екі үй бой көтерген. Бұл аумаққа Шымкенттегі хайуанаттар бағы, ипподром, дендробақ сынды қыдырыстап, тынығатын орындар жақын. Мектеп, балабақша, емхана сынды әлеуметтік нысандар да бар. Мұның өзі тұрғындардың қуанышын еселей түсуде.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.