«САРЫН» ТОБЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА БІРІНШІ ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Орал қаласында өткен Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Отан» орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындаушылардың Х Халықаралық «Атамекен» ән фестивалінде өңіріміздің талантты әншілерінен құралған «Сарын» тобы жүлделі бірінші орынды иеленді.
Сахна саңлақтарының арасындағы додада жүлделі орынға қол жеткізу оңайға соқпағанын айту қажет. Сондада болса өнерге деген ынтызарлықтың арқасында сәттілік серік болған «Сарын» тобының бәйгеде бағы жанды.
Фестивальдің мақсаты – танымал композитор Ескендір Хасанғалиевтің әндерін насихаттаумен бірге қазақ ұлттық эстрада орындаушыларының шеберлік деңгейін көтеру, талантты жастардың өнеріне жол ашу.
Айтулы өнер бәйгесінде өңіріміздің намысын қорғаған Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілерінен құралған «Сарын» тобы бұған дейін де бірнеше республикалық, облыстық байқауларда жүлдегерлер қатарынан көрінген.