Мұхтар МҰХАМБЕТЖАН: «ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЛІГІНЕ ТАҒЗЫМ РЕТІНДЕ ГАЗЕТІМІЗДІ ЛАТЫН ӘРПІМЕН ШЫҒАРДЫҚ»

 

«Өз қолым өз аузыма жеткен жоқ»

– Оңтүстіктегі қоғамдық-саяси істердің көпшілігіне белсене араласып, бел ортасында жүретін Мұхтар Мұхамбетжанды соңғы жылдары мемлекеттік қызметтен, оның ішінде идеология саласынан көрмей жүрміз. Мамандығыңыздың инженер екенін білуші едік, әлде солай қарай түбегейлі бет бұрайын дедіңіз бе?  

– Мақтанғаным емес, саясатта осынша жыл жүрдім, жұрттың бәрі біледі ғой, өңірде ұлтаралық қақтығыстар, әлеуметтік шиеленістер туа қалса, тараптарды мәмілеге шақырып, ортақ шешімін табуда облыс әкімі сол жерге ең алдымен мені жіберетін. Қайнаған оқиғаның ортасынан табылып, жасымен де, жасамысымен де мен тілдесетінмін. Өкінішке қарай, идеология саласындағы жанкешті еңбегіңіз құрметтелмейді де, қадірленбейді де, бағаланбайды да екен. Мысалы, соншама жұмыс істеп, өз қолым өз аузыма жеткен жоқ. Сондықтан, амал жоқ, отбасымның қамымен басқа кәсіп іздеуіме тура келді. Бүгінде Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің директорымын. Айлығым жақсы. Күнкөрісім де жақсара бастағандай.

Әйткенмен қоғамдық, рухани жұмыстармен мүлдем ат құйрығын үзістім дей алмаймын. Бұрынғыдай білек сыбана кірісіп кетпесем де, белгілі бір шаруаға араласуымды өтініп, үміт артып келген жандардың сөздерін жерде қалдыра алмайтын сәттер болады. Айталық, 4-5 жылдан бері Сайрам ауданындағы өзге ұлттың өкілдері төлқұжатында қазақ болып жазылғысы кеп жүр екен. Алайда заңға томпақтау келетін көрінеді. Соны бір аптада шешіп бердік. Бұл ретте облыстық соттағы азаматтар мен ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтің тікелей көмегін атап өткен жөн. Қазір қазақ болуды қалаған адам соттың шешімімен тиісті құжатын алып жатыр. Біз кейде ренжиміз «Өзбекстандағы қазақтарды жеке куәлігінде «өзбек» деп жазып жіберген. Неліктен біз де Қазақстандағы өзбектерді «қазақ» атандырмаймыз» деп. Бұл дұрыс көзқарас емес. Негізі, Қашқадария, Сурхандария, Бұхара, Самархан, Жызақ облыстарының барлығында өңкей қоңырат, найман, қыпшақ, қаңлылар тұрады. Сол рулар мұнда да бар. Бір замандарда бөлді, өзбек һәм қазақ деп. Бірақ біз – бір елміз. Мысалы, орыс пен украин ағайын. Ал қазақ пен өзбек ағайын емес, бір ел. Ең бастысы, руын білуі керек, егер руын білмесе, ол өзбек те, қазақ та емес. Сол себепті Өзбекстандағы – 30 миллион, Қазақстандағы 700 мың өзбектің қазақ болуға құқы бар деп ойлаймын.

Жалпы, көпшіліктің көкейінде «Мұхтар саяси салаға ренжігендіктен, идеологиядан жырақтау жүр екен ғой» деген ой туындап жатса, онда шындықтан сәл ауытқығаны. Себебі мәселе реніште емес, әлеуметтік мәселеде. Мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізгенің үшін тендерден газетіңе күресіп жүріп алатының – 4 миллион теңге. Жұмыс істейсің, содан әрі кетсе, бір миллион теңге пайда қалуы мүмкін. Енді оны бір жылға шағыңыз, бұл сома жасы 50-ден асқан, келімді-кетімді қонағы көп адамның мұқтаждығын өтей алмайды.

– Басыңа тартсаң – аяғың ашылатын, аяғыңа тартсаң – басың ашылатын қысқа көрпе іспетті десеңізші. «Сананы тұрмыс билейді» деген аксиома тұрғысынан алсақ, сөзіңіздің жаны бар. Әйткенмен қазақ қоғамы осы ақшаны құндылық атаулының төріне шығарып жіберді-ау…

– Мемлекетіміз әу бастан-ақ мына мәселеде түбегейлі қате жіберді, біз бірінші орынға ақшаны қойдық, «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген мақалды өзімізге ұран еттік. Ата-бабаларымыздың қандай ұстаныммен өмір сүргенін ұмытып кеттік. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген елдің баласы едік, ендігі ұранымыз – есектің артын жуу болды. Патша өкіметінің кезінде де капитализм болды. Әлде Есім хан мен Тәуке ханның тұсында социализм болып па? Көшпелі жағдайдағы капитализмді бастан кешірдік. Сол кезде «есектің артын жуған» жоқпыз ғой. Енді мына капиталистік заманда неге ұлттық болмыс бітімімізді өзгертіп, дәстүрімізден жаңылып, дінімізді, жүрегімізді басқа арнаға бұруымыз керек? Қазақта ешқашан қызылды-жасылды дүние бірінші орында тұрмаған! Рух пен арды бүкіл құндылықтан биік қойған. Сондықтан әдепкіде-ақ ақшаны бірінші орынға қою арқылы біз Ібілісті төрге оздырдық. Ал Арды бірінші орынға қойғаның – Алланы бірінші орынға қойғаның. Мұны терең түйсінуге әлі де кеш емес. Өйткені, жүрегін ақшаға байлағандардың оңғанын көрген жоқпыз. Оған мысалды Тоқтар Төлешовтің тағдырынан іздесеңіз жеткілікті. Жанталасып дүние жиюға ұмтылғандардың көңілінде тыныштық болмайды. Қанағаттан айрылады, бақыттың не екенін түсінбейді. Бақыттың бағыты ақша деп пайымдайды, ал ақшада шек бар ма?! Сондықтан ақшаны пір тұтқан адам да, ел де бақытты болмайды.

– Қазіргі қызметіңіз жан дүниеңізді қаншалықты қанағаттандырып жүр?

– Мен басқаратын мекеме мемлекеттік бағдарлама аясында бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғыртумен айналысады. Яғни, баспаналардың өмірін ұзартамыз. Халыққа өте ыңғайлы, әрі пайдалы, әлеуметтік маңызы зор бағдарламаны жүзеге асыру жолында жүргеніме қуаныштымын. Мемлекет бұқараға көпқабатты тұрғын үйлерін жөндеп алуға жәрдем беріп отыр. Қандай инфляция болса да, тұрғындардың қайтаратын қаржысы әу бастағы келісімшартта көрсетілген сомамен қалады. Ең бастысы мемлекет бұл мақсатқа жұмсаған қаражатын номинал құнымен 100 пайыз қайтарғанмен, реалдық мағынада шамамен 20-30 пайыз ғана қайтарып алады. Сол себепті мұны Үкіметтің халыққа жасаған үлкен жақсылығы және кеңшілігі деп есептеймін.

Басшылыққа келгенімде, бұл серіктестіктің жағдайы мәз емес-тін. Жаңғыртуға жұмсалған ақша тұрғындардан өз деңгейінде жиналмаған. Қала әкімінің орынбасары, Шымкенттің коммуналдық саласының ел тілімен айтқанда «тірі энциклопедиясы» — Бейсенбек Жанбосынов «абайла, қиындығың көп болады» деп басында ескерткендей, жөндеу жұмыстары сапасыз, немқұрайлы жүргізілген екен. Алғашқы 1-1,5 жыл сол олқылықтардың орнын толтыруға кетті. Құдайға шүкір, бүгінде облыс бойынша тұрғын үйлерді жаңғыртумен айналысатын кәсіпорындардың арасында алдыңғы қатарға шықтық. 2017 жылы қаржының қайтарылуы көрсеткішін 126 пайызға жеткіздік. Осы 3,5 жылдың ішінде жөндеу жұмыстарымыздың сапасына шағым түскен емес. Өзімізге сеніммен жүктеген тапсырманың абыроймен орындап жатырмын деп айта аламын.

– Сіз мұнда келгелі үш жарым жылда шаһарды 3 әкім тізгіндеп үлгерді. Көзқарастары қалай?

– Дархан Сатыбалдының тұсында тағайындалдым. Кейін Ғабидолла Әбдірахымов келді. Екі айдан бері жаңа әкім – Нұрлан Сауранбаев. Менімше, әкімдерді тұлғалық қасиеттерім емес, жұмысымның сапасы бағаландыруы керек. Бұрын мұнда 48 адам жұмыс істеген, қазір – 18. 48 адамның кезінде қайтарым 13 пайыз болса, бүгінде – 126 пайыз. 48-дің кезінде жөндеудің сапасына көңілі толмаған тұрғындар осында келіп «модернизация істетпейміз» деп айқай-шу шығарып жатса, қазір «домкомдар» «менің үйімді жөндеп берші» деп кезекте тұр. Себебі бізге сенеді.

– Саннан сапаға көшу деген осы шығар.

– Штатты 3 есеге қысқарттық. Еңбекті тиімді ұйымдастыруды жолға қойдық. Қазір ешқандай ауыр тірлік жоқ, 8 сағатта-ақ біраз шаруаны тындырып үлгеруге болады.

– Идеологияның қара қазанында қайнап шыңдалған сізге бұл қызметті игеріп әкету қиындық тудырмаған сияқты ғой.

– Бұл жұмыс та – идеология. Себебі «домкомдар» кім? Қазақтың, не орыстың жүйкесі жұқарған әйелдері. Жинап аласың да, жаңғырту жұмыстарынан кейін тозығы жеткен үйлерінің мүлдем жаңа келбетке енетінін айтып, уәде бересің, көзін жеткізесің. Идеолог болмасаң, сендіру қиын. Ал бұдан кейін сөзің ісіңмен тура келуі шарт. Біз сапалы еңбек етсек, елдің Елбасыға, мемлекетке деген көзқарасы күрт өзгереді. Өйткені қалың бұқараға Б.Өтемұратовтың қандай лауазым алғаны, И.Тасмағамбетовтің Ресейге не үшін елші боп кеткені қызық емес. Оған бірінші кезекте өзінің күнделікті әлеуметтік мүдделерінің орындалуы маңызды. «Отан – отбасынан басталады» десек, кез келген адамның Отаны – алдымен өзінің үйі. Үйін жөндеп берсең, алдымен мемлекетке риза болып, мемлекетке деген сенімі нығаятыны түсінікті.

– Разылық демекші, Мұха, сонау 1979 жылы Асанбай Асқаровтың ұйытқы болуымен салынған Шымкенттегі балалар теміржолын «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС 2015 жылы Балаларды қорғау күні қарсаңында қайта жаңғыртудан өткізіп, ел игілігіне бергенде, жүрегі жарыла қуанбаған ата-ана да, бала-шаға да қалмаған шығар. Талай басшының тісі батпаған нысанды қалыпқа келтіріп, санаулы-ақ күнде локомотивті қайтадан шойын жолға қондырдыңыз. Әйтсе де неге көп ұзамай тоқтап қалды?

– Жалпы, бұл іске кірісуімізге мекемеміздің осында орналасуы және қала әкімі Дархан Сатыбалдының өтініші себеп болды. Оның үстіне «Айғақ» телеарнасы да балалар теміржолын қалыпқа келтіру жөнінде ой тастап жүреді екен. Бір кездері тіпті «бұл мақсатқа 200 миллион теңге керек» деп теледидардан айтылған да екен. Бірақ біз жұмысты қаржыдан емес, локомотивті жүргізген көнекөз мамандарды іздеуден бастадық. Таптық, жинадық осында. Кеңес заманының тәрбиесін көрген адамдар ғой, бізге зор қолдау көрсетіп, энтузиазммен жұмыс істеп, жоқтан бар жасап, локомотивті жүргізіп берді. Жұпыны қалған 2 вагонды қаңқасына дейін бәрін жұлып тастап, қайтадан жасақтадық. Ұзындығы 400 метрдей рельс жердің астында көміліп қалған екен, аршып алдық. Әр екінші шпалды ауыстырып, 2 станцияны жөндедік. Теміржол маңайын шөп-шаламнан тазаладық. Ұзын-ырғасы 16 жылдай тұрып қалған балалар теміржолын 23-ақ күнде іске қосып бердік. Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасарлары Қайрат Нұртай мен Бейсенбек Жанбосынов қатысты. Бұл орайда Б.Жанбосыновтың осынау игі істің басы-қасында жүріп, үнемі хабар алып, жәрдем беріп отырғанын, жұмыстың ортасында, біткен кезінде машинистің кабинасына отырып, жол дайындығын жеке өзі тексеріп отырғанын да атап өткен жөн.

Иә, жөндеу жұмыстарына 7 жарым миллион теңге жұмсадық, бірақ нысанның техникалық байқауына, күрделі жөндеуден өтуіне, т.б. қатысты құжаттарын рәсімдеуге 20-30 миллион теңге қажет. «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесе жұмыс істеу керек. Осындай мың сан тірлікті кейінге ысырып, мен көлік прокуратурасымен «Балалар теміржолын» 3 айға дейін пайдалана тұрайық. Сол аралықта құжаттарын әзірлеп үлгерерміз» деп келіскен болатынбыз. Патриот азаматтар екен, рұқсат берді, алайда «3 айда құжатыңыз дайын болмаса, бізге өкпелемеңіз!» деп ескертті. Өкінішке қарай, 3 айда қанша есікті қақтық, қанша қаржы сұрадық, селт еткен жан табылмады. Амал жоқ, тоқтап тұр.

Енді қалаға жаңадан әкім тағайындалды. Елдің бәрі «құтты болсын» айтып кіріп жатыр. Мен қаруластарым — Ауған соғысының ардагерлерімен бірге кірдім. Сосын айттым: «Мен «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің директорымын, бірақ Ауған соғысының ардагері ретінде танысып отырмын өзіңізбен. «Азамат ретінде бір нәрсе сұрасам бола ма?» дедім. «Болады». Әзіл-шыны аралас қылып былай дедім: «Онда Құдай үшін, балалар теміржолына тимеңізші!». «Неге?». «Менің мекемем сол жерде орналасқандықтан, айтып отырған жоқпын. Егер бұзылса, аға ұрпақ пен жас буынның ренішіне қаласыз. Ол – елге керек, әрі тарихи жәдігер!» Сөйтсем, ол жерді бұзу жөнінде ол кісіге қала әкімі болып тағайындалған жарты айда 3 рет ұсыныс түсіп үлгіріпті. Сондағысы – велотрек салуды ұсынып жатыр екен. Велотрек деген не? Ені 2 метр бетон жол, жиегі – «бордюр», әр-әр жерге бағана мен орындық орнатасың болды. Ал балалар теміржолын салу үшін қанша күш-қайрат жұмсалды десеңізші! Теміржол төсемесінің өзіне қаншама мыңдаған көлікпен топырақ төгілді, нығыздады, рельс тартты, локомотив-вагондар әкелді, жасанды көл, көпір, туннель, станциялар салды. Соның бәрі жай ғана «велотрек» үшін тіпәй күйсін бе?! Қазақтың жері кең ғой, велотректі басқа жаққа салайық» дедім. Мені тыңдап болды да: «Қалай ойлайсыз, оны жүргізуге бола ма?» деп сұрады. «Нұреке, сол үш рет ұсыныс жасағандар Сізге айтпаған шығар, теміржол іске қосылып тұр, жөндеуден өткен. Тек құжаттарын рәсімдеп, 1-2 техникалық кемшілігін реттесек, жеткілікті. Оған 20-30 миллион теңге қажет. Одан кейін айына 1 миллион теңгедей дотация керек. Себебі 2-ақ вагон, көп адам таси алмайсың, жанармайды көбірек жағады. Алайда мұндай теміржол ТМД кеңістігінде жоқ. Бұл – Шымкенттің бренді болатын-ақ дүние» дедім. Не керек, Н.Сауранбаев шаһармен жан-жақты танысып болған соң, балалар теміржолын арнайы барып көруге уәде етті.

Шын мәнінде, бұдан біздің ЖШС-қа келіп-кетер пайда жоқ. Теміржолды жөндейтіндей біздің мекеменің лицензиясы да жоқ. Қайта зияны тиюі мүмкін: «Мына жерді жөндейміз, ғимаратты босатыңыз» деп. Осы қалаға 17 жасымда табан тіреп едім, енді, міне, 53-ке келіппін, сондықтан мұны елдің алдындағы жауапкершілігім, парызым деп қана санаймын. Басқа ой жоқ.

«Руға бөлінуді ұлттық кодымыз десек те болады»

– «Ел бірлігі» қорының төрағасы ретінде қайбір жылы ұлтқа сөз айтып, қоғамның дамуына бағдар сілтеу мақсатында «Сара жол» бағдарламасын ұсынғаныңыз есімізде. Өңірде біршама қолдау тауып еді. Қаншалықты жүзеге асып, діттеген жеріне жетті?

– Бағдарламаның мақсаты – орыстың боданына айналғанға дейінгі қазақтың салт-дәстүрін қалпына келтіру, Кеңес өкіметінен жұққан жат қылықтарды жою, қазақ болып өмір сүру қағидаларын қалыптастыру, Рим құқығынан бас тарту. Бүгінгі біздің қолданыстағы Азаматтық, Қылмыстық кодекстер – Рим құқығы. Негізі, біз бұрын бір қорап сіріңке немесе бір қой ұрлаған баланы ешқашан түрмеге жаппаған халық едік. Ұрлық жасаған және зардап шеккен тараптардың руынан ірібастыларды шақырып, биге жүгіндіретінбіз. Би өзінің әділ шешімін айтады. Мәселен, бір қойдың орнына екі қой қайтартуы мүмкін. Бітті. Ал ұрлықшыны 2 қойға түсіргені үшін немесе күллі жұртқа масқара еткені үшін өз руы-ақ жазалайды. Ол қайтып мұндайға бармайды. Ел осылайша тентегі мен телісін тезге салып отырған. Ал би ешқашан пара ала алмайды. Өйткені, бұрмалап үкім шығаратын биге екінші мәрте ешкім аттап баспайды. Бұл – Қазақ Құқығы. Тағы бір мысал, Рим құқығы бойынша ерлі-зайыпты ажырасса, бала әйелде қалады. Қазақ құқығында ше? Бала әйелдікі емес, еркектікі, рудыкі. Тәуелсіз ел болғанымызға ширек ғасырдан асты, біз егемендікті құдды бір қазақ болу үшін емес, баю үшін ғана алғандаймыз. Қазақ болып өмір сүру керек болмаса, тәуелсіздікті не үшін алдық?! «Сара жол», міне, осындай жағдайда қазақша өмір сүру жолдарын көрсетеді. Қыз бен ұлдың тәрбесіне, ауылға, некеге, жетім-жесірге қазақи көзқарас керек! Мысалы, «детдом» – қазаққа мүлдем жат нәрсе. Әкең өлсе, оның ағасы (үлкен әке) немесе інісі (кіші әке) бар емес пе?! Олар да өліп қалса, ру бар ғой! «У ішсең – руыңмен» деген, ол руда әкеңнің қандастары бар, сені жетім қалдырмайды. Ал қазір қалай? Солтүстіктің қызына үйленесің, ертең ажырассаң, балаңды ертеді де, Қызылжарға кетіп қалады. Ол бала тірі жетім емей не?! Ол бала бұзылмағанда қайтеді?! Рим Құқығының арқасында әйеліңмен ажырассаң, бала әйелде қалады, сосын оған алимент төлейсің, төлемесең, өкімет сені түрмеге тығады, жиған-тергеніңнің жартысын тартып алады. Міне, осы себепті бізде ажырасу көп. Әйел еркекке құлақ аспайды. Рухани құлдырау, рухани бұзылу деген – осы! Сондықтан біз қай ұлт екенімізді айыра білуіміз керек. Қазақпыз ба, әлде орыспыз ба, әлде еуропалықпыз ба? Қазақ болсақ, отбасының егесі әйел емес, еркек екенін ұғынуымыз тиіс. Тек сонда ғана қазақ өзінің қазақы өміріне оралып ажырасу, жетімдер азаяды. Бізді руды тек жаман қырынан көрсетеміз, меніңше, оны осылай құбыжық етіп көрсетіп қойған – кеңес өкіметі. Егер рулық намысты дұрыс пайдалансақ, қаракөз қыздарымыз жезөкшелікке бармайды. Ұлдарымыз жат пиғылды ағымның жетегінде кетпейді. Тіпті руға бөлінуді ұлттық кодымыз десек те болады.

«Сара жол» бойынша талай жерде болдым, талай халықпен кездестім, байқағаным, ел қазақ болғысы келеді. Тек өкімет өтірік көлгірсуді, батысқа ұқсағысы келетінін доғарып, қара қазақ екенімізді мойындап, соның салт-дәстүріне өтуі керек. Себебі ата-бабамыздың жолы – асыл жол! Ал Еуропаныкі – «көгілдірлерді» қалыпты нәрсе деп қабылдайтын, ақшаны ұлы құндылық санайтын, адамдықтан айрылғаны сонша – ата-аналарын қарттар үйіне, бауыр еті баласын жетімханаға өткізетін салт-дәстүр. Біз неге ол жолмен жүруіміз керек?! Әр мектепте, әр сыныпта «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп жазылып тұруы керек! Сонда жас ұрпақ жүрегін ақшаға байламайды.

Міне, осы бағытпен қарқынды жұмыс істеп жатыр едік, осындағы биліктегі 3-4 лауазымды адам Астанаға арыз жазыпты. «Бұлар мемлекет ішінен мемлекет құрып, әр ауданда өздерінің билері мен қазылары институтын құрып, әкімдерге қысым жасап жатыр, жақында билікті басып алмақшы, бандылар да, соттар да осылармен бірге…» деп көкіпті. Астанадан комиссия келді. Бағдарламаның басы-қасында жүрген 3 азамат бар-тын, екеуі – облыстық мәслихаттың депутаты, біреуі – мен. Үшеуімізге де түрмеге жабатын бап дайындап, қорқытып-үркітіп, мәжбүрлеп тоқтатты. Алайда біздің Үкіметті басып алатын ойымыз жоқ еді. Күлкілі нәрсе. «Сара жолдың» мұраты билікті басып алу емес, оған жәрдем ету. Ұлтты сақтап қалудың, күшейтудің, қазақты өзге ұлттарға үлгі етудің бірегей жолын қарастыру болатын.

Әйткенмен Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жазғанда, қатты қуандым. Оның мәнісін көп адам түсінбей жүр. Мен түнеугүні «elbirligi.kz» сайтында ОҚО әкімі хақында «Рух нұрынан шашу шашқан Жансейіт ағамыз туралы» атты мақала жаздым. Ж.Түймебаевтың рухани жаңғыру бағытында тек облыстық қана емес, бүкілқазақтық маңызға ие тірліктерді атқарып жатқанына ризашылығымды білдірдім. Себебі оның іс-әрекетінен «Сара жол» бағдарламасындағы мұрат-мақсаттармен үндестікті аңғардым. Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында Ж.Түймебаевтың идеясымен «САҚ» киностудиясы «Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты үш анимациялық фильм мен «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая түсіріпті. Бұл көп сериялы фильмде еліміздің киелі жерлері мен тарихи орындары жайында айтылады. Расында да, Оңтүстік рухани орда ғой. Қ.А.Ясауи, Арыстанбаб, Ғайып ерен, қырық шілтен, Үкаш ата, Ысқақ бап – бәрі-бәрі осында. Облыс әкімінің «САҚ-тағы» жігіттерді өзіне тартқанының өзі оның деңгейінің, дүниетанымының, жүрегінің қандай екенін көрсетеді.

– Сірә, «Сара жолдағы» идеяларыңызды «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудың» шеңберінде жүзеге асыруға болатын сияқты ма, қалай?

– Дәл осы облыс әкімі әрі қарай жұмыс істей берсе, ондай мүмкіндік бар. Өйткені Ж.Түймебаев – идеологияға өте жақын, оның көзге көрінбейтін нәзік иірімдерін жан-жүрегімен сезіне алатын адам. Сәтін салса, ол кісі мені жақында қабылдауға уәде берді. Егер қабылдаса, қызмет сұрамаймын, айтатыным бір-ақ нәрсе – «Сара жол». «Оқып шығыңызшы!» деймін. Себебі ол мен ойлап тапқан дүние емес. Бар-жоғы – қазақтың салт-дәстүрі. Біз оны ұлт болып, мемлекет құрып, Заңға айналдыра алмадық, себебі өз еркіміз өзгеде болып, бодандық күй кештік. Сондықтан өз дәстүріміз емес, өзгенің дәстүрі негізінде жасалған жанымызға жат, бөтен Заңдармен өмірімізді ұйымдастыруға ұмтылудамыз, ал бұл өз кезегінде ұлтымызды рухани деградацияға соқтыруда. Ал Рим құқығы жүйесімен қабылданған заңдар Римнің, яғни итальян тайпаларының салт-дәстүрі ғой. Тек олар өз дәстүрін Қазына көріп құрметтей алды, оларды дәстүр емес, орындауға міндетті Заңдар етіп жасақтады, дүние жүзіне реклама жасап, бәрімізді сол Заңдармен өмір сүруге түрлі жолдармен көндірді. Ал енді Азаттықа қол жетіп, Қазақ Мемлекетін құрған мына заманда біз де өз дәстүрлерімізді құрметтеп, Заңдарды солардың негізінде жасап, орындауға міндетті етсек, кім қарсы? Ешкім қарсы емес. Тек қана өзіміздің Құлдық Санамыз қарсы. Тоқсан сөздің түйіні – өз діліміздің негізінде «Қазақ Құқығы» дегенді неге шығармасқа?! Қазақ Исламы, Қазақ Киімі, Қазақ Соты, Қазақ Құқығы… Римнен қай жеріміз кем еді?

– Күрескерлік қасиетіңіз шығар, жұрттың бәрі латын әрпінің төңірегінде қызу пікірталастырып жатқанда, Сіз «Ел бірлігі» газетін латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиімен шығарып үлгердіңіз…

– Қазіргі латыншадағы апострофтар маған да ұнамайды. Бірақ мәселе – принципте. Біз орыс рухани дүниесінен бөлінбесек, ешқашан ел болмаймыз. Осындай ұлттық құрамдағы республикамен анау әліпбиді қабылдаймын деу – Президенттің батырлығы, ерлігі, өрлігі. Алфавиттің осы нұсқасын толық қолдаған соң емес, Елбасының осы ерлігіне тағзым ретінде газетімізді латын әрпімен шығардық. Биыл да тек латын әрпімен жариялауды жоспарлап отырмыз. Себебі біз 5 не 100 жыл өмір сүрмейміз, ұлт мыңдаған жыл жасайды. Мәңгілік ел болмақ ниеттеміз. Латыншаның өзімізге қолайлы нұсқасы ертелі-кеш табылар, бірақ қарап отырмай, бастайық та!

– Наполеон айтпақшы, «Война план покажет» дейсіз ғой.

– Президентке мұндай қадамға бару оңай болған жоқ, қанша факторларды жеңуге тура келді. Ол – жеті рет өлшеп, бір рет кесетін кісі.

– «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп тегін айтылмаса керек.

– Елбасы ешқашан өзінің нәпсісін елдің мүддесінен биік қойған емес. Өз нәпсісін жеңген адам үлкен жиһад жасағанмен тең.

– Сіз Елбасының рухани жаңғыру идеясына іс жүзінде үлес қосып жатырсыз, алайда біздегі көп тірліктер «для галочки» атқарылатын секілді…

– Дұрыс айтасыз. Бұл кадр саясатына байланысты. Бізде ол ағайын-туыстық, трайбалистік негізде жүргізіледі. Басшыға қарсы шықпайтын, тек бас шұлғи беретін болса, тіпті керемет. Облыс әкімінің орынбасары, Тәуелсіздің Күресінің ардагері Ұласбек Сәдібеков мұны жөндеуге қауқарсыз, себебі кадр саясатын ол шешпейді. Ол қанша талап еткенмен, рухы жоқ идея, ойы жоқ адамдарға ол рухани жаңғыруды жасата алмайды. Мысалы, күні кеше облысымыздың үлкен ауданында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы – мамандығы саясаттанушы тұлға жұмыстан кетіп, орнына мамандығы қаржыгер адам қойылды. Осындай нонсенс жағдайлар көп қана емес, бұл – бүгінгі өмір шындығы. Оның үстіне сол кадрдың өзі тапшы. Айталық, облыстық ішкі саясат басқармасының Ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінде 3-ақ адам жұмыс істейді. Олар ешқашан бүкіл облыстың жұмысын жасап үлгермейді. Бұл – олардың жұмыстарының басым бөлігі «формально» атқарылады деген сөз. Өкінішке қарай, Ел Президентінің небір теңдессіз идеялары жергілікті жерлерде осындай, және бұдан да басқа себептермен науқаншылдыққа, өтірік «отчетқа» айналып кетіп жататыны өтірік емес.

– Қалай ойлайсыз, қазіргі кезде жастарды тек науқандық шараларға пайдалану басым болып кеткен жоқ па?

– Бүгіндері олардың бірде-бір әлеуметтік мәселесі шешіліп жатқан жоқ. Ипотекаға жас түгіл ересек адамның шамасы келмейді қазір. «Халық көбейсін» дейміз. Қазақтың ең үлкен байлығына тек мұнай мен алтын емес, жер де кіреді. Шаңырақ көтерген жасқа баспана салу үшін неге 10 соттық жер бермеске?! Жер үйде бала көбейеді, көпқабатты үйде бала көбеймейді. Осыны қанша жылдан бері айтып жүрміз, ешкім құлағына қыстырмайды. Жастардың бизнеспен айналысуына қандай мүмкіндік бар? Ешқандай. Кепілдікке ол несін қояды?  Кешіріңіз, ішкиімін бе? Біздің қоғамда бүгінде тек бай-бағландар мен шенді-шекпенділердің балалары ғана өсіп жатыр. Пәленшеевтердің династиясында әкесі – ана жерде бастық, балалары – «замәкім», депутат, т.б. Мұндай мемлекеттің болашағы күмәнді. Жастарды өсіретін, арасынан дарындыларын іріктеп, ел жұмысына тартатын қоғамдық-саяси мектеп жоқ. «Жас Отан» дегенің – 20 баланың ермегі ғана. Оңтүстіктегі басқа 600 мың жас не істейді сонда? Мен мұны біреуді мұқату, тұқырту, «қызметінен кетсін» деу үшін айтып отырған жоқпын. Бұл – елдің бәрі білетін факт.

Меніңше, облыс әкіміне бұл тұрғыда кешенді бағдарлама жасау қажет. Қаржы жеткілікті. Тек ішкі саясат басқармасының өзінде 1,5 миллиард теңге бар. Оған жастар саясаты мәселелері жөніндегі, дін істері басқармаларындағы, ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығына қарасты құрылымдардағы қаржыны қосыңыз. Соның бәрін қосқанда, іргеміздегі Өзбекстан емес, анау Оңтүстік Африкадағы Мозамбикті 15-облысымыз қылып, өзімізге қосып алуға қауқарлымыз ғой. Қайда сол ақшалар, неге қайтарымы жоқ? Неге уахаптар азаймайды, неге жасөсіпірімдер арасындағы қылмыс саябырсымайды, неге мәдениетіміз артпайды, неге стадиондарда жастар көбеймейді?

Міне, осыдан соң «Идеологияға жауапты басқармалар өздерінің функционалдық міндеттерін толық орындап отыр ма?» деген сұрақ туындайды. Мысалы, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу мақсатында БАҚ-тарға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артуда. Білуімше, биыл 500 миллион теңге қаралыпты. Бірақ сол қаражат БАҚ-тарға қаншалықты әділ үлестіріліп, олар қаншалықты сол сомаға лайық жұмыс істеп жатыр, нәтижесі қаншалықты? Меніңше, қаржыны игеруде формализм, «отмывание» басым сияқты. Ақпарат құралына тендер беріп, есебін атүсті қабылдау ақшаны құмға сіңіргенмен бірдей емес пе? Иә, заң жүзінде мұндай көлеңкелі тұстарды дәлелдей алмайсың, есеп тапсырылды, көлем орындалды. Ешкім ештеңе істей алмайды. Бірақ Құдай бізге мүмкіндік берді, тәуелсіз мемлекет құрып, қазақ ретінде өмір сүруге. Соны пайдаланайық та! БАҚ – өте үлкен күш. Елдің санасын өзгерте аласың. Сондықтан ақша бар кезде БАҚ-ты ұлттың, қоғамның, мемлекеттің мүддесіне жұмыс істету – парыз. Бізде көппартиялы жүйе жоқ қой. Сондықтан өкімет пен халықтың арасындағы алтын көпір – ақпарат құралдары. Ал БАҚ-тың басшысы – саяси тұлға.

Әнеугүні бір ақпарат құралы облыс әкімін қорлап, «Түрік кәсіпкермен мынадай мейрамханада тамақ ішті, анадай ұшақпен ұшты…» деп мақала жазды. Бұл біздің ұлттың менталитетіне дұрыс келмейді. Бізге маңыздысы, «Әкім түрікпен бірге отырғанда ел үшін зәру не мәселені шешті?» болуы керек-ті. Алайда бұл жерден облыс әкіміне қарсы тапсырыстың иісі мүңкитіндей.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Айбар МЫҢЖАСАР.