ТҮЙМЕБАЕВ ТЫНДЫРАТЫН ТІРЛІКТЕР АЗ ЕМЕС

Тек соның үдесінен шығуды ойланса

Оңтүстік – Қазақстандағы аумағы аз, халқы ең мол облыстардың бірі. Сондықтан өңірде атқарылатын тірлік көлемі басқа жаққа қарағанда көптеу болатыны түсінікті.

Әкімдік билік құрылғалы бері 25 жыл уақыт өтті. Бұл аз мерзім емес. Оңтүстік Қазақстан облысын басқаруға Марс Үркімбаевтан бастап талай жақсы мен жайсаң келді. Біреулері қызметтің де, міндеттің де оябасын тауып, абыроймен Астана асып жатса, баз біреулері абыройын ортайтып, төменге сырғанап жатты. Осыған дейінгі әкімдердің екі үлкен мәселе бойынша атқара алмаған тірліктері көпшіліктің көкейінде тұр. Оның бірі – кадрлық орын ауыстырулар сапырылысы болса, екіншісі – мерзімі жетіп, жетпей болып жатқан жергілікті мәслихаттардың депутаттарына байланысты.
Сайлау өту үшін жетекші партия «Нұр Отаннан» бастап бірнеше партия сайлауалды жұмысын атқарады. Арнайы тізімдер жасалынады. Сөйтіп нағыз сайлау додасы басталады. Республикалық деңгейдегі басшы партиялардың көшін бастаушы «Нұр Отанның» ұстанып отырған бағыты мен саяси мүддесі ол төмендеген өңір мен аймақтарда бұзыла бастайды. Бұл – шындық. Өткен жылғы наурыз айында өткізілген сайлау кезінде Елбасы Н.Назарбаев ұстанып отырған бағытқа байланысты берілген тапсырма, артылған міндеттер Оңтүстік өңірінде сыбайластық пен жемқорлыққа тосқауыл қоя алмады. Депутаттыққа «Нұр Отанның» атынан облыс деңгейінде ұсынылған кандидаттардың кім екендігі күні бұрын белгілі болды. Олардың сайланғаннан кейінгі жасаған тірліктері, сыбайластық пен жемқорлықтың өріс алғандығы сонша мәслихат хатшысының өзі қызметтік этикаға кереғар тірлік жасағаны үшін қызметтен кетсе, тағы бірінің үстінен бопсалау әрекетіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Дәл осындай жағдай Шымкент қалалық мәслихатында да орын алып, бір депутат пара алу үстінде ұсталып, депутаттық мандатынан айырылды.
«Нұр Отан» партиясына облыс әкімі басшылық жасап, әрі төраға, әрі өңір басшысы ретіндегі өзінің ұсынған кандидаттары осындай жағдайға барып отырғаннан кейін, «Нұр Отанның» беделі мен абыройы жөнінде не айтуға болады? Тағы да осы партияны ел деңгейінде басқарып отырған Елбасының айтқаны, партияның атынан берілген тапсырманың керісінше орындалуы, немесе келеңсіздіктерге жол берудің үлгісі жергілікті облыс әкімдерінің көз алдында жасалынып отырғандығы шын мәнінде халықтың ашуы мен ызасын тудыратындығы жасырын емес. Олардың ой-санасында сайлауға деген сенімсіздік, енжарлық пайда болғандығын кімнен сұрау керек? Енді бір айта кететін нәрсе елдің Президенті басқарып отырған «Нұр Отан» партиясына кім көрінген мүше болып қабылданып, сол саяси ұйымның атынан халық қалаулысы болып дауысқа түсіп жатқандығы елді кәдімгідей таңдандырады. Сондай сенім артқандардың арасынан жаңағыдай былықтың шығып жатқандығы шындығында да олардың көңілінде кірбің қалдыратындығын неге жасырамыз?
Біз айтылған жағымсыз жәйттерге облыстың бүгінгі әкімі, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының төрағасы Жансейіт Түймебаев мырзаны кінәлаудан аулақпыз. Партия басшысы ретінде басқаны қойып сайланған депутаттардың кімнің жақындары, қандай басшының адамдары, оның кім екендігін, бұрын не істегендігіне тексеру жүргізілсе, талай былықтың беті ашылатын еді. Өткен жылы ғана Шымкент қалалық мәслихатына депутат болып сайланған, өзі үш ай ғана «Нұр Отан» партиясының мүшесі болған ірі кәсіпкердің «Нұр Отанның» атынан сенімге ие болып, тізбеге еніп, халық қалаулысы атанғаны жөнінде біздің қолымызда нақтылы дәлелдер мен дәйектер бар. Ал мұндай белгісіз жағдайлардың қаншалықты шындық екендігін партиялық терең тексеру, зерттеу, електен өткізу болмағандықтан ешқандай ұйым нақтылы айта алмайды. Партиялық тазалық болмаған жерде – әділетсіздіктің болуы жазылмаған заңдылық. Осы мәселені өңір басшысы, партия төрағасы Жансейіт Қансейітұлы тікелей қатаң қадағалауына алатын болса, көп шындықтың беті ашылары сөзсіз.
Бізде ақсап жатқан салалардың көшін – білім ошақтары мен ағарту ісі басшылықтары алып тұр. Кадрлық мәселеде ол көптен бері шешілмейтін түйінге айналған. Бір ғана облыстық білім басқармасы қазір ұзақ уақыттан бері басшысыз тұр. Барған басшының жан-жағын талдап, екшеп, оны таразыға салып, жұмыс істеуіне мүмкіндік болған жоқ. Қалай жылдам барса, қызметтен солай тез кетеді. Қандай да бір басшыны тағайындау кезінде оның барлық деңгейдегі басшылық қасиеті мүмкіндігінше әбден зерттелуі тиіс болса, өкінішке орай ол Оңтүстік өңірінде бірқалыпты арнаға түсе алмай келеді. Түймебаевтің алдында әлі талай тірліктер тұр. Онымен толық танысып, бүгінге дейінгі өзінің алдында болған басшылардың олқы тұстарын ой сарабынан өткізіп, қайткенде де соны қайталамауға тырысқаны өзінің атына ең лайықты дұрыс тірлік болар еді деп ойлаймыз.

А.САТЫБАЛДЫ.
(Сурет А.Дидарбектікі).