ЕНДІ НЕСИЕЛЕРДІҢ ТӨЛЕМІН АЗАЙТУҒА БОЛАДЫ

ал талаптары қандай?
Мемлекет халықтың қаржылық борыштық жүктемесін жеңілдету бағытында маңызды да батыл қадам жасап отыр. Ендігі жерде Қазақстанда берешегі көбейіп, тығырыққа тірелген азаматтар бірнеше несиесін бірыңғай жүйе арқылы реттей алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінің әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев мәлімдеді.
Ауқымды реформаның басты мақсаты — тығырыққа тірелген қарыз алушыларға көрсетілетін көмекті неғұрлым қолжетімді әрі түсінікті ету, сондай-ақ бұқараның жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупін барынша азайту. Жоспарға сәйкес, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мен азаматтарды банкроттық мәселесі бойынша сүйемелдеу тетігінің барлығы қаржы омбудсманының базасында құрылатын Қарыздарды реттеу жөніндегі бірыңғай орталыққа біріктіріледі. Бұл орталық тұрғындар үшін қарызды өтеудің қолайлы шартын таңдаудан бастап, заңда көзделген өзге де рәсімдерді кешенді қолдануға мүмкіндік беретін әмбебап алаңға айналмақ.
Агенттік қаржы омбудсманының жаңа жұмыс қағидаларын 27 шілдеде бекітті, ал олар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ресми түрде күшіне енеді. Инновациялық жүйенің негізгі құралы – «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін finkelisim.kz цифрлық платформасы болмақ. Ол бірнеше кредитор алдында мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға қарызын бірыңғай рәсім арқылы реттеуге жағдай жасайды. Цифрлық платформаны екі және одан да көп кепілсіз тұтынушылық несиесі бар, 90 күннен астам уақыт бойы төлем жасамаған отандастарымыз пайдалана алады. Бұл орайда кредиттер бойынша жалпы берешек көлемі 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін, яғни 2026 жылғы есеппен 648 мыңнан 6,9 миллион теңге аралығында болуы тиіс. Өтініш түскен сәттен бастап жүйе бекітілген талаптарға сәйкестікті автоматты түрде тексереді, содан соң банктер мен коллекторлық агенттіктер ақшаны мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын уақытша тоқтатады. Ең бастысы, әр несие жеке-жеке қаралмай, отбасының жалпы табысы сараланып, соған сай бірыңғай төлем кестесі түзіледі. Агенттіктің болжамынша, алғашқы кезеңнің өзінде-ақ жаңа тетік шамамен 350 мың проблемалық қарыз алушыны қамтиды. Александр Терентьевтің атап өтуінше, бұл платформаның әлеуметтік маңызы орасан, өйткені борыштық жүктеме кешенді бағаланып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін ұзақ мерзімдер мен ай сайынғы төмен төлемдер қарастырылады. Кейіннен бұл жүйе жеке сот орындаушыларының құрылымымен, одан соң банкроттық тетіктерімен біріктіріліп, сотқа дейінгі реттеуден бастап ықтимал банкроттыққа дейінгі бүкіл процесс бірыңғай жүйенің құрамына енеді.
Бұл реформада мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бағытына да айрықша назар аударылып отыр. Өйткені бүгінде Қазақстанда 105 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтың жалпы сомасы 262 миллиард теңге болатын несиелік қарызы бар болса, оның ішінде 26,3 мың адамның кредиті проблемалық санатқа жатады. Тек Алматы қаласының өзінде осы санаттағы шамамен 10 мың тұрғынның мерзімі өткен қарызы 8,6 миллиард теңгені құрайды. Осы өзекті мәселені оңтайлы шешу мақсатында агенттік Алматы қаласының әкімдігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Әділет министрлігімен бірлесіп І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтардың қарызын кешенді реттеу бойынша арнайы пилоттық жобаны іске қосты. Жоба аясында мүгедектігі бар азаматтың табыс деңгейі, мүліктік жағдайы, отбасы құрамы мен өзге де өмірлік мән-жайлары толық ескеріліп, қарыз алушының жағдайына қарай қарызды қайта құрылымдау, төлемдерді кейінге қалдыру, несие мерзімін ұзарту немесе ай сайынғы төлемі 5-10 мың теңге болатын дербес өтеу кестесі ұсынылмақ. Осылайша, мемлекет бұқараның қаржылық тығырықтан аман шығуына берік негіз қалап отыр.




