«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ АЯСЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

Елімізде құқықтық сананы көтеру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамда тәртіп қағидатын қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» қабылданғаны белгілі. Бұл құжат қазіргі қоғамның басты талаптарына жауап беріп қана қоймай, ұзақ мерзімге бағытталған нақты жоспарларды қамтиды.
Түркістан облысында аталған тұжырымдаманы жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде осы мәселе кеңінен талқыланып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді. Әкім өз сөзінде заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асырудың маңызына тоқталып, барлық іс-шараларды формалды деңгейде емес, ауқымды түрде өткізу қажеттігін атап өтті. Ол тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беру акцияларын тұрақты ұйымдастыруды, халықтың қаржылық қауіпсіздігін нығайту бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Жиын барысында Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев пен Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжановтың есептері тыңдалды.
Тұжырымдаманың облыстағы жоспары 5 негізгі бағыттан және 55 іс-шарадан тұрады. Оның ішінде Полиция департаментіне және жергілікті атқарушы органдарға 10 тармақ жүктелген. Нәтижесінде 520 полицияның қоғамдық көмекшісі жұмысқа тартылды. Бұл күштердің көмегімен 47 қылмыс ізін суытпай ашылса, 1917 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Құқықтық мәдениетті көтеру үшін қала, аудан және шалғай ауылдарда үйме-үй аралау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беру үшін жыл басынан бері үш рет «Жолда қабылдау» акциясы өткізілді. Есірткіге қарсы профилактикалық іс-шараларға 76 мыңнан астам оқушы, студент, ата-ана және жергілікті тұрғын қатысқан. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыстағы білім беру ұйымдарының маңына қосымша инфрақұрылымдар орнатылды. Оны ішінде 514 жол белгісі, 276 жасанды жол кедергісі, 4 бағдаршам қойылып, 2100 метр аяқжол салынды. Сондай-ақ 2264 білім беру ұйымының алдындағы жаяу жүргіншілер жолақтары жаңартылды.
2025 жылға мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында Қоғамдық даму басқармасы мен аудан, қала әкімдіктері тарапынан 21 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету, пробация есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтендіру жобалары бар. Сонымен қатар «AMANAT» партиясымен бірлескен «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы 17 аудан мен қалада халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 3494 азамат онлайн, 2378 азамат оффлайн форматта оқытылған. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу бағытында да ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 567 психо-профилактикалық жұмыс жүргізіліп, оған 36 210 жасөспірім қатысқан. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету» тұжырымдамасы аясында ауқымды әрі кешенді шаралар қолға алынған. Жоспарланған жобалар мен іс-шаралар қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттырып қана қоймай, әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты әрі сапалы жүзеге асуы өңірдің әлеуметтік дамуына да оң ықпал етпек.




