9,5 МЫҢНАН АСТАМ БАЛА ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Жаз – балалар үшін тек демалыс мезгілі ғана емес, сонымен қатар тұлғалық дамуға, шығармашылық әлеуетті ашуға, жаңа достар тауып, таным көкжиегін кеңейтуге тамаша мүмкіндік. Осыны ескерген Шымкент қаласының әкімдігі 2025 жылы шілде-тамыз айларында 9 693 баланы жергілікті бюджет есебінен жазғы демалыспен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл бастама – ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес, әлеуметтік осал топтарға жататын балалардың демалысын, сауықтырылуын және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі.
Аталған жоба ең алдымен әлеуметтік 5 санатқа жататын балаларға арналуы – елдегі әлеуметтік әділеттіліктің сақталуына және мүмкіндігі шектеулі ортада өскен балаларға тең мүмкіндік беруге жасалған маңызды қадам. Бұл санатқа аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, мүгедек балалар, көпбалалы отбасылардың балалары және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар жатады. Шымкент қаласында осындай балалардың жан-жақты дамуына бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Жазғы демалыс — осы шаралардың ең маңызды әрі балалар үшін ең қызықты формаларының бірі. Балалар Машат-Арасан, Бекзат Саттарханов атындағы лагерь, Қарлығаш, Үш бұлақ, Таң-Шолпан, Көктөбе, Айсанар секілді табиғаты әсем, экологиялық жағынан таза аймақтарда орналасқан лагерьлерде тынығуда. Бұл лагерьлердің инфрақұрылымы балалардың толыққанды демалуына, шығармашылықпен айналысуына, спортпен шұғылдануына және мәдени-танымдық бағыттағы іс-шараларға қатысуына мүмкіндік береді.
Бүгінде лагерьлер тек демалыс орны емес, сондай-ақ тәрбие мен дамудың орталығына айналды. Мұнда балалар командалық жұмысқа үйреніп, көшбасшылық дағдыларын дамытып, бір-бірімен тиімді қарым-қатынас жасауға машықтанады. Әртүрлі тренингтер, шеберлік сабақтары мен квест ойындар – баланың ішкі әлеуетін ашуға бағытталған. 2025 жылдың 17 шілдесіне дейін 3 331 бала жазғы демалыспен қамтылған. Бұл – жоспарланған көрсеткіштің үштен бірі. Балаларды лагерьлерге кезең-кезеңімен жіберу жұмыстары жалғасуда. Бұл жүйелі тәсіл әр баланың демалысын тиімді ұйымдастырумен қатар, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де бағытталған. Қауіпсіздік – жазғы лагерьлер жұмысындағы басты басымдық. Балалардың денсаулығын сақтау үшін сапалы тамақтану, білікті медициналық қызмет көрсету, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар әр лагерьде қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтар жүйелі түрде жүргізіліп, балалар мен тәрбиешілер төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігін біледі.
Жазғы демалыс – оқу процесінен қол үзбей, оны ойынмен үйлестіре отырып баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз етудің тиімді жолы. Лагерьлерде ұйымдастырылатын сабақтар, зияткерлік ойындар, шығармашылық байқаулар – балалардың оқу жылында алған білімін бекітіп, жаңа оқу жылына сергек те дайын түрде оралуына негіз қалайды. Жалпы жазғы демалыс – білім беру жүйесінің бір бөлігіндей маңызды рөл атқарады. Бұл – мектептен тыс ортада өмірлік дағдыларды дамытуға арналған ерекше кеңістік. Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстары – баланың игілігіне бағытталған кешенді саясаттың жемісі. Бұл – әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың жазғы мезгілді тек демалып қана қоймай, жеке тұлға ретінде дамуға арналған кезеңге айналдыру жолындағы маңызды қадам. Мұндай бастамалар ел болашағы – жас ұрпақтың денсаулығын сақтауға, санасын қалыптастыруға, патриоттық рухын арттыруға, ең бастысы оларды бақытты балалық шақпен қамтамасыз етуге бағытталған.




