БІЛІМ ОРДАЛАРЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам – мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жобасы басталды. Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген 1300 мектепті жаңғырту тапсырмасы аясында өңірдегі 115 мектеп реновация бағдарламасына енгізілген болатын. Бұл ауқымды бастама Түркістан облысы әкімінің жіті бақылауында жүзеге асуда.
Оқу жылы аяқталысымен, жаңғыртудан өтетін мектептерде дайындық және демонтаж жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңда Отырар, Төлеби, Шардара, Сауран, Қазығұрт, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Түркістан қаласындағы мектептерде сынып бөлмелері босатылып, қажетті құрал-жабдықтар қоймаларға көшірілуде. Жөндеу жұмыстары білім басқармасы ұсынған заманауи стандарттарға сай жүргізіледі. Сыныптар мен мектеп ішкі дизайны оқушылар мен мұғалімдер үшін жайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Реновациялық жұмыстар бірнеше кезеңге бөлінген. Оған сәйкес, биыл 41 мектеп, 2026 жылы 38 мектеп, 2027 жылы 36 мектеп толықтай күрделі жөндеуден өтпек.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы бұл жобаны күн тәртібінен түсірмей, жұмыс барысын қатаң бақылауға алған. Тиісті бөлім басшылары мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар беріліп, жөндеу жұмыстарының сапалы әрі оқу процесіне кедергі келтірмей жүргізілуі басты талап ретінде қойылған. Жаңғырту жұмыстары ауылдық жерлердегі, 30-40 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектептерге басымдық беруді көздейді. Бұл – ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты азайтып, барлық оқушыға тең білім беру жағдайын жасауға бағытталған маңызды қадам. Мектептерді қайта жаңғырту — тек сыртқы көріністі жаңарту емес, бұл білім беру сапасын арттырып, болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция. Түркістан облысында қолға алынған бұл бастама – ел болашағы үшін салынған берік негіз болмақ.