ЕЛІМІЗДЕ ҚАНША ТОННА КӨМІР ӨНДІРІЛЕДІ?

Өткен жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы кезеңге жоспарланған шаралар Қазақстандағы энергетикалық қауіпсіздік пен көмірмен үздіксіз қамту мәселесінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижелері мен болашаққа арналған жоспарларымен бөлісті.
Министрдің айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша елде 110 миллион тонна көмір өндірілген. Бұл көлемнің негізгі бөлігін, яғни 66 миллион тоннасы энергия және жылу өндіруші кәсіпорындарға, 8,6 миллион тоннасы халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға, 6 миллион тоннасы өнеркәсіп секторына бағытталған. Сонымен қатар, 30 миллион тонна көмір экспортқа шығарылған. 2024 жылдың алғашқы төрт айындағы көрсеткіштер де көңіл қуантады – көмір өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға артқан. Бұл ел ішіндегі қажеттілікті толық өтеумен қатар, экспорттық әлеуеттің де өсіп келе жатқанын білдіреді. 2023-2024 жылғы жылыту маусымы жоспарға сай және тұрақты өтті. Коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін 7,9 млн тонна көмір тұтынылады деп жоспарланса, нақты орындау 101 пайыз деңгейінде болған. Бұл – отын тапшылығына жол берілмегенін және жергілікті әкімдіктер мен көмір жеткізушілер арасындағы үйлесімді жұмыстың жемісі.
Министр атап өткендей, бұл табыс Республикалық штаб, «Қазақстан темір жолы», жергілікті атқарушы органдар мен көмір өндіруші компаниялардың тығыз байланысының нәтижесі. Көмір қоймаларында және теміржол тұйықтарында қазіргі таңда 350 мың тонна көлемінде көмір қоры бар, бұл алдағы маусымға сенімділік береді. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына көмірді үздіксіз жеткізу мәселесі бүгіннен бастап күн тәртібіне қойылып отыр. Бұл мақсатта жергілікті атқарушы органдарға, «Қазақстан темір жолына» және көмір компанияларына арнайы жоспар жолданған. Көмірді тасымалдаудағы негізгі түйткілдердің бірі – вагон тапшылығы. Осы мәселені шешу үшін министрлік «Қазтеміртранспен» бірлесіп, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау жұмыстарын бастап кетті. Бұл келісімдер көмір өндірушілерді қажетті вагондармен дер кезінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан энергетикалық тұрақтылыққа бағытталған нақты және жүйелі саясат жүргізіп келеді. Көмір өндірісі мен жеткізілуі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Бүгінгі жоспарлар мен қабылданып жатқан шаралар 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының да қиындықсыз өтуіне негіз болмақ. Министрліктің алдын ала дайындығы, көмір өндірушілермен келісімдер және логистикалық тетіктердің тиімді ұйымдастырылуы – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлар. Бұл ретте, ел үкіметінің көмірмен қамтудағы жүйелі қадамдары стратегиялық тұрақтылықтың айқын көрінісі деуге болады.