ЕЛІМІЗДЕ ЖАНАРМАЙ САПАСЫНА КІМ ЖАУАПТЫ?

Көлікке құйылып жатқан жанар-жағармайды кім бақылауы керек, неге тіпті танымал брендтік жанармай құю бекетінен бензин құйғанның өзінде көлік «салдырлай» бастайды? Сол сияқты стандарттарға сай келмейтін жанармай сатқандарды қалай жазалауға болады? Қазақстанда жанармай сапасын мемлекеттік бақылау Сауда және интеграция министрлігінің құзыретінде. Ол Үкіметтің № 718 қаулысына сәйкес, Техникалық реттеу және метрология комитетіне бағынатын аккредиттелген зертханалар арқылы жүзеге асырылады.

Сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, зауыттан шыққан немесе елге әкелінген бензин мен дизель отыны стандарттарға сәйкес келеді. Бұл кезеңде жанармай міндетті декларациядан өтеді, яғни зауыт немесе импорттаушы оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келетінін растайды. Декларациясыз жанармай сатылымға шығарылмауы тиіс. «Алайда декларация тек жанармайды жөнелтер сәтіндегі сапасын растайды. Одан кейінгі сапа сақтау, тасымалдау және сату шарттарына байланысты. Көбіне мәселе осы кезеңде туындайды» дейді министрлік өкілдері. Бұл дегеніміз бензин жолда «бұзылуы» мүмкін, көбіне кінә — жанармай құю стансаларында. «Іс жүзінде сапасыз жанармай сату жағдайы көбіне өндірушілерге емес, жанармай құю бекеттеріне байланысты. Бұл тасымалдау ережелерінің бұзылуына, сақтау шарттарының орындалмауына, жанармайды араластыруға және басқа да факторларға байланысты болуы мүмкін» дейді комитет мамандары.
Мамырдың ортасында қазақстандық блогер Айдос Қожахметовтің өткір мәлімдемесі қоғам назарын аудартты. Ол «Астана — Көкшетау» тас жолындағы «Qazaq Oil» №С-035 бекетінен құйған бензинге шағым айтты. Оның айтуынша, жанармай құйғаннан кейін көлігі «салдырлап», жылдамдық ауыстыруда қиындықтар туындаған. Айта кетерлігі, компания бұл айыптауға еш жауап бермеді. 2024 жылы комитеттің аумақтық департаменттері 92 жанармай құю бекетінде профилактикалық бақылау жүргізді. Жанармай үлгілері ескертусіз алынды. Мысалы, Жетісу облысында бір бекеттен алынған дизель отыны талаптарға сәйкес келмеді. Тексерулерге ірі брендтер де, аз танымал бекеттер де ілікті. Олардың қатарында Qazaq Oil, Sinooil, Helios, Газпромнефть сынды компаниялар бар.
Ал енді қалай шағымдануға болады және сапасыз жанармай үшін қандай жаза қарастырылған? Кез келген көлік иесінің шағымы болса, eOtinish порталы арқылы жүгінуіне болады. Бұл жоспардан тыс тексеруге негіз бола алады. Сондай-ақ бақылау мақсатындағы сатып алу форматы да қарастырылған. Егер жанармайдың техникалық регламентке сәйкес келмейтіні расталса, жанармай бекетіне айыппұл салынады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 415-бабы бойынша жеке тұлғалар — 90 АЕК (354 000 теңге), лауазымды тұлғалар мен шағын бизнес — 195 АЕК (766 740 теңге), орта бизнес — 310 АЕК (1 219 920 теңге), ірі компаниялар — 600 АЕК-ке дейін (шамамен 2 млн 360 мың теңге) айыппұл төлейді. Сауда және интеграция министрлігі шағым түскен жағдайда жоспардан тыс тексерулер өткізеді. Сондай-ақ алдын алу шаралары, яғни ескерту арқылы немесе ескертусіз жүргізіледі. Кей жағдайда объективті дәлел жинау үшін бақылау сатып алуы әдісі қолданылады. Қолданыстағы нормалар мен айыппұлдарға қарамастан, жанармай сапасы мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Көлік жүргізушілеріне тек бір кеңес — сақ болу және жанармай құйғаннан кейін көлікте күмәнді белгілер байқалса, үнсіз қалмау.