КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ 81 ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесінде айтарлықтай өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алуда. Әсіресе, орта арнаулы білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан ауқымды шаралар – еңбек нарығына сапалы мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
2024–2025 оқу жылында еліміздегі колледждерде 550 мыңнан астам студент білім алды. Олардың 173 мыңы оқуын сәтті аяқтап отыр. Атап айтқанда, 123 мың түлек жұмысшы біліктілігі бойынша, 27 мың студент дуальді оқыту жүйесінде, ал 10 мың студент кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша білім алып шықты. Бұл – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің нақты еңбек нарығына бейімделіп жатқанын көрсетеді. Министрдің айтуынша, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші де жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 2024 жылы түлектердің 81 пайызы жұмыспен қамтылды, бұл – еңбек нарығына сәтті интеграцияның дәлелі. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының жылы аясында бұл салаға ерекше көңіл бөлініп отыр. Еңбегімен ел дамуына үлес қосатын мамандардың беделін арттыру – мемлекет алдында тұрған басым бағыттардың бірі.
Кәсіпорындар мен колледждер арасындағы ынтымақтастық та жаңа деңгейге көтерілді. Шефтік көмек көрсететін кәсіпорындардың саны 7 есе артты. Бүгінде 4 мыңнан астам кәсіпорын 662 колледжге қолдау көрсетуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Былтыр 558 кәсіпорын тек 412 колледжге ғана көмектескен болатын. Бұдан бөлек, мектептерде алғаш рет «кәсіби бағдарлаушы» лауазымы енгізілді. Бұл жаңашылдық 2,5 млн оқушыны кәсіби бағдарлау шараларымен қамтуға мүмкіндік берді, ал 905 жоғары сынып оқушысы аттестатпен қатар жұмысшы біліктілігі бойынша диплом алды. Бұл – мектеп қабырғасынан бастап мамандық таңдауға бағыт берудің жарқын мысалы. Колледждердің материалдық-техникалық базасы да жаңартылып жатыр. Мәселен, биыл 104 колледжде жаңарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында 2 мың орындық 8 жаңа жатақхана пайдалануға берілді.
Айта кету керек, 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасы бизнес өкілдерінің қатысуымен әзірленген. Бұл колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, білім мазмұнын нақты өндіріс талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, орта арнаулы білім саласындағы мұндай серпінді өзгерістер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Сапалы білім, кәсіби бағдар және нақты еңбекпен қамту – бұл жастардың болашағына салынған берік негіз.