ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ – ТҰТАСТЫҚ НЕГІЗІ

Қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызды кепілі – толеранттылық. Әртүрлі ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі үшін бір-бірінің ерекшелігін құрметтеу аса маңызды. Толеранттылық дегеніміз – тек төзімділік қана емес, сонымен бірге өзгелердің көзқарасы мен құндылықтарын түсіне білу, құрметпен қарау.
Осы орайда, Шымкенттегі «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында айтылған құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған «Біздің қоғамдағы толеранттылық» атты семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға қалалық діни конфессия өкілдері, дінтанушылар, теологтар, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері және мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін нығайту, дін өкілдері арасында өзара түсіністік пен сындарлы диалог орнату, сондай-ақ қоғамда діни төзімділік пен бейбіт өмір сүру мәдениетін қалыптастыру. Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев еліміздегі тұрақтылық пен бірлік – түрлі этнос пен дін өкілдерінің өзара сыйластықта және түсіністікте өмір сүруінің нәтижесі екенін атап өтті.
Оның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Шымкент қаласында 12 конфессияны біріктіретін 32 діни бірлестік және 95 мешіт ресми тіркеліп, өз қызметтерін еркін және ашық түрде жүзеге асыруда. Бұл жағдай — мемлекеттің дін саласындағы бейтарап әрі әділетті саясатының нақты көрінісі. «Қазақстандағы дінаралық келісім – бұл жай ғана ұран емес, бұл – біздің күнделікті тәжірибеміз, мәдениетіміз бен дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Біз бұл жетістікке бейбітшілік пен өзара құрмет негізінде қол жеткіздік. Ендігі кезекте оны сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз» деді басқарма басшысы.