ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ШАЛДЫҚҚАНДАР САНЫ АРТЫП БАРАДЫ

Бүгінде қатерлі ісік бүкіл әлем бойынша күрделі медициналық әрі әлеуметтік мәселе ретінде өзекті болып отыр. Бұл дерттің кең таралуы мен өлім-жітімге жиі себеп болуы – адамзат алдында тұрған ең үлкен денсаулық қауіптерінің бірі. Қазақстанда да қатерлі ісік аурулары жылдан-жылға көбейіп, бұл бағытта алаңдаушылық артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қатерлі ісік – жүрек-қан тамыр ауруларынан кейінгі екінші орында тұрған өлім себебі. Қазіргі уақытта аталған мәселе елімізде де біршама өршіп тұр десек, артық айтпаған болар едік.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне жүгінсек, 2024 жылдың қорытындысында 41 318 адамнан қатерлі ісік анықталып, науқастардың тізімі 230 мыңнан асып кеткен. Ал 2023 жылы 41 519 жағдай тіркелген екен, ол кезде тізім 218 186 болған. Яғни, 1 жылда қатерлі ісікпен ауыратындар 5,9 пайызға өсті. 2024 жылы тізімге қосылған 41 318 адамның 5652-нен сүт безі обыры анықталған. Екінші орында колоректалды обыр тұр, оған 4 029 адам шалдыққан. Үшінші орында өкпе обыры – 3 833 науқас. Келесі кезекте асқазан обыры мен жатыр мойны обыры тұр. Бұл тақырып қозғалғанда дәрігерлер азаматтардың уақытында тексерілмейтінін алға тартады. Соның әсерінен ауру әбден асқынғанда ғана ақ халаттыларға жүгінетіндер көп. Біреу білер, біреу білмес, елімізде халықтың белгілі бір бөлігін жыл сайын тегін скринингтен өткізу мүмкіндігі қарастырылған. 40 жастан асқан адамдарға жылына кемінде бір рет медициналық тексеруден өту ұсынылады. Әйелдер үшін жатыр мойны обырына (25 жастан бастап), сүт безі обырына (40 жастан бастап) скринингтер өткізіледі. Ер адамдар үшін қуық асты безі обырына тексерілуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар 50 жастан асқан азаматтарға тоқ ішек обырына скрининг жасалады.
Мысалы, 2024 жылы 2,8 млн қазақстандық қатерлі ісіктің алдын алуға арналған скринингтен өткен. Жатыр мойны обырының скринингінен 795 387 әйел өтіп, 60 200 әйелден жатыр мойнының әртүрлі патологиясы анықталған. Сүт безі обырының скринингі бойынша 940 502 әйел тексерілген, 184 709-нан сүт безінің әртүрлі патологиясы анықталды. Колоректалды обырдың бар-жоғын 1 миллионнан астам ер мен әйел тексерткен. Тоқ ішектің әртүрлі патологиясы 9 828 адамнан табылыпты. Айтпақшы, қатерлі ісікке шалдыққандардың арасында шетелге барып емделушілер жүздеп саналады. Былтыр 138 қазақстандық шетел медицинасына жүгінсе, 2023 жылы 186 пациент шетел асқан. Жалпы көптеген адам дер кезінде тексерілмей, қатерлі ісікті асқындырып алатыны жиі айтылады. ҚР Президенті іс басқармасына қарасты медициналық орталық ауруханасының бас онкологі Назар Сейдалин бұның жай ғана пікір емес, шындық екенін айтты. «Қазақстанда қатерлі ісіктердің басым бөлігі II және III сатыларда анықталады. Мұның бірнеше негізгі себебі бар: медициналық мәдениет төмен, диагнозды естуден қорқу, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімсіздік, өз денсаулығына немқұрайлы қарау. Көпшілік өз денсаулығын бағаламайды. Адамның бойы ауырмайынша, ол денсаулыққа мән бермейді. Бірақ ауру асқынған кезде қорқыныш пен үрей пайда болады, ал емдеу қымбат әрі қиынға соғады. Сондықтан алдын алу – ең тиімді әдіс. Қатерлі ісіктің алдын алу үшін күрделі шаралар қажет емес. Жылына 1 рет жас ерекшелігіне сәйкес толық медициналық тексеруден өту (жалпы қаралу, қан анализдері, УДЗ, эндоскопия, ЭКГ, онкоскрининг) керек. Жарты жылда 1 рет созылмалы аурулары немесе қауіп факторлары бар адамдар үшін базалық диагностикадан өткен жөн. Психологиялық денсаулық – бұл да маңызды аспект. Егер адамның санасы тұрақсыз болса, ең бірінші оның денесі зардап шегеді» дейді маман.