ЕЛІМІЗДЕ ЕСІРТКІГЕ ТӘУЕЛДІ 18 МЫҢ АДАМ ЕСЕПТЕ ТҰР

Қазіргі таңда есірткі мәселесі әлемдік деңгейде өзекті болып отыр. Өкінішке қарай, бұл мәселе Қазақстанды да айналып өтпеді. Жастар арасында есірткіге тәуелділік артып, олардың болашағына қауіп төндіруде. Есірткіге тәуелділіктің негізгі себептерінің бірі – қоршаған орта мен әлеуметтік факторлар. Көптеген жастар есірткіні қызығушылықпен немесе достарының ықпалымен алғаш рет байқап көреді. Сонымен қатар, интернеттің қолжетімділігі мен әлеуметтік желілер арқылы есірткінің таралуы да бұл мәселені күшейтіп отыр.
Тағы бір маңызды себеп – психологиялық және эмоционалдық күйзеліс. Кейбір жастар стрессті жеңу немесе өмірдегі қиындықтардан уақытша құтылу үшін есірткіге жүгінеді. Алайда бұл олардың денсаулығына үлкен зиян келтіріп, өміріне қауіп төндіреді. Осы орайда, елімізде есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтілді. Қазір елде есірткіге тәуелді 18 мың адам диспансерлік тіркеуде тұр. Оның 66 пайызы — кәмелетке толмаған жастар.Бұл туралы Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев айтты. Спикердің айтуынша, былтыр 27 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 95 заңсыз зертхана жойылған. Бұл саладағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін құқық қорғау органдарына нақты міндеттер қойылып, олардың нәтижелері тұрақты бағаланып отырады.
Сонымен бірге телеграм арналар бақылауға алынып, арнайы қызметкерлер бекітілген. Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаевтың сөзінше, қазіргі уақытта арнайы прокурорлар өндірісінде есірткі дүкендеріне қатысты 6 ірі іс қаралып жатыр. Бұл істер бойынша шамамен 50 адам қамауға алынды, олардың 9-ы — түрлі күштік құрылымдардың қызметкерлері. Осы жұмыстардың аясында 3,5 млрд теңге тәркіленді. Оның жартысы криптовалюта түрінде.