10,1 МЫҢНАН АСА ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ ҚАНДАС МӘРТЕБЕСІН АЛДЫ
Бүгінде атамекенге көшіп келіп жатқан қандастардың қатары қалың. 1 тамыздағы жағдай бойынша 10 134 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 138,5 мың этникалық қазақ оралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен жазғандай, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысына жуығы немесе 47,5 пайызы Қытайдан, 37 пайызы Өзбекстаннан, 5,8 пайызы Түрікменстаннан, 5,2 пайызы Моңғолиядан, 3,2 пайызы Ресейден және 1,3 пайызы басқа елдерден келді.
Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59 пайызды, еңбекке қабілетті жастан кішісі 31,3 пайызды және зейнеткерлер 9,7 пайызды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,4 пайызы жоғары білімді, 23,8 пайызы орта кәсіби білімді, 54,6 пайызы жалпы орта білімді болса, 4,2 пайызының білімі жоқ. Бүгінде қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталған. Олар — Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1937 қандас қоныс аударды. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады, Яғни бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК немесе 258,4 мың теңге, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК немесе 55,3-ден 110,7 мың теңгеге деиін беріледі.
«Жыл басынан бері 1755 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 479 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді» деп мәлімдеді министрліктен. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдан бастап пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылады. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 12 495 өтініш қабылданды.